Елде «Цифрлық ипотека» пилоттық жобасы іске қосылады. Енді азаматтарға банк бөлімшесіне барып, құжат толтырудың қажеті жоқ. Бұл – екінші нарықтағы тұрғын үйлерді рәсімдеуге арналған қосымша. Жылжымайтын мүлікті сату-сатып алу жөніндегі нотариалдық мәмілелерді толықтай онлайн іске асыруға болады. Ол үшін банк сайты немесе мобильді қосымша арқылы «Цифрлық ипотеканы» таңдап, онлайн калькуляторға үйдің құнын, бастапқы жарна және несие мерзімін енгізу қажет.
Ай сайынғы төлем жүйеде автоматты түрде көрсетіледі. Қос тарап өз әрекеттерін электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен растайды. Тіркелген құжаттар платформада 15 жыл бойы сақталады. Пилоттық жоба 22-қыркүйектен бастап бір жылға дейін жалғасады.