Бұдан былай әлеуметтік көмек алатын шымкенттіктерге құжат жинап сабылудың қажеті жоқ.
Олардың тұрмыс деңгейі автоматты түрде бағаланып, 11 мемлекеттік қызмет онлайн тағайындалады. Пилоттық жобаның артықшылығы қандай?
Айсұлу Сырбаева жеті баланың анасы. Алтын алқа иесі ретінде оның ұл-қыздарына мектепте бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. Ол жыл сайын көпбалалы екенін растап, кіріс көзі туралы анықтамалар тапсыратын. Енді мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырудың қажеті болмайды.
Айсұлу Сырбаева, қала тұрғыны:
- Қазіргі жүйені естіп жатырмыз. Бәрін өзіміз онлайн тапсырғанда уақытты да үнемдейміз. Ешқайда барып әуре де болмайсың. Өзіңе де жақсы ғой. Тиімді ғой.
Пилоттық жоба бұған дейінгі жүйені жетілдіруді көздейді. Енді балаларды ыстық тамақпен қамту, жазғы лагерге жолдама алу, жатақханаға орналастыру, тұрғын үй көмегін алу сияқты әлеуметтік көмектер автоматты түрде тексеріліп отырады. Бұның бәрі ашықтыққа негізделген.
Жанат Өтебаева, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы:
- Мұқтаж азаматтар осы күнге дейін алып келген. Бірақ біз ол азаматтардың көрсеткен табыстары бойынша есептеп келгенбіз. Енді бұл базалық жүйеде әрбір отбасы мүшесінің табысын көре отырып, мұқтаж болған жағдайда біз жәрдемақыны тағайындаймыз.
Автоматтандырылған бағалау жүйесі әлеуметтік көмекті әділ бөлуге мүмкіндік береді. Тұрғындардың тұрмыс деңгейін анықтау үшін табысы мен шығыны да ескеріледі. Сонымен қатар жанұя мүшелерінің мүлкі есепке алынады.
Cәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
- Екі немесе одан көп пәтері бар, бірнеше көлігі бар. Отбасының әр мүшесіне шаққандағы кіріс көлемі 185 мың теңгеден асатын болса мұндай отбасы мүшелеріне бұдан кейін әлеуметтік көмек көрсетілмейді.
Жаңа жүйе әзірге Шымкент пен Қарағанды облысында пилоттық режимде жүзеге асып жатыр. Сала мамандарының айтуынша, шын мұқтаждарды қолдау арқылы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қадағалауға мүмкіндік туады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов