Келер жылы инфляция 10%-дан аспайды. Ал 2027-2028 жылдары 6%-ға дейін төмендейді .
Премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Жалпы ішкі өнім көлемі үш жылда 229,8 трлн теңгеге жететінін баяндады. Еліміздің алдағы үш жылға арналған әлеуметтік-экономикалық бағыт-бағдары қалай болмақ?
Келер жылы да өңдеу өнеркәсібінде маңызды инвестжобаларды іске асыру жалғасады. Ондағы өсім қарқынын 6%-дан асыру межеленген. Тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік тасымалы, сауда салаларын дамытудан табыс молаюға тиіс. Сондай-ақ нақты сектор мен қызмет көрсету саласы экономика өсімінің негізгі бөлігін қамтиды. Жалпы республика бюджетінің кірісін 19,2 трлн теңгеден алдағы үш жылда 23,2 трлн теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
- Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы базалық нұсқа негізінде қалыптастырылған. Базалық нұсқаға сәйкес 2026 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі болжам бойынша 5,4 %, 3 жылдағы орташа жылдық өсім – 5,3 %-ды құрайды. Кірістер мен шығыстардың осындай көлемдері кезінде бюджет нысаналы трансферт түрінде Ұлттық қордан қосымша қаражат тартудың қажеттілігінсіз өзін-өзі қамтамасыз етеді.
Қаржы министрі: 2028 жылы бюджет тапшылығы 0,9% дейін төмендейді
Бас қаржыгер бюджет тапшылығы жыл сайын төмендейтінін жеткізді. 2028 жылға қарай ол 0,9%-ға жетуі тиіс.
Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:
- Келесі жылдың бюджеті алғаш рет Ұлттық қордан нысаналы трансферттерін пайдаланбай теңгерімделді және нақты сектордағы мемлекеттік қолдау шараларының ауқымды өсуімен әлеуметтік бағдарланған күйінде қалды. Бұл ретте шығыстарды оңтайландыра отырып, басымдық беру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Жалпы шығыстардың үлесіндегі ағымдағы базалық шығыстардың үлесі 15%-дан 12,3%-ға дейін төмендеді.
О. Бектенов: Бюджет әлеуметтік мәселелерге бағдарланған болып қалады
Шығыс болмай, кіріс болмас. Әсіресе өңірлердің дамуына серпін берер инфрақұрылымдық жобаларға, бизнесті ынталандыруға арналса. Бұл бағыттағы мемлекеттік жобаларға «Бәйтерек» холдингі арқылы 1 трлн теңге бөлу жоспарланған. Жалпы әлеуметтік салаға арналған шығыстар қайта қаралды. Ол жалпы шығыстардың 38,7%-ын құрайды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Президент тапсырмасына сәйкес, бюджет әлеуметтік мәселелерге бағдарланған болып қалады. Сонымен қатар экономиканың өсуін ынталандыруға бағытталған шығыстар да ұлғайтылатын болады. Мұндай шығыстар осы жылмен салыстырғанда келесі жылы жалпы шығыстар құрамында шамамен 11%-дан 16%-ға дейін өсіп отыр. Бұл өз кезегінде жалпы ел үшін маңызы бар инфрақұрылымдық жобалар, бизнесті ынталандыру мен мемлекеттік қолдау шараларынан тұрады. Осы шығыстар өңірлердің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді.
Үкімет 3 жылға арналған экономикалық болжамдарды бекітті
Бұған дейін де Президент бюджеттің теңгерімді болуын, әр теңгені сапалы жоспарлап, бөлуді тапсырған. Олжас Бектенов құжат жалпы қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін барынша оңтайлы етіп әзірленгенін жеткізді. Айтуынша, мемлекеттік стратегиялық бастамалар, жаңа Бюджет және Салық кодекстері ескерілген. Осылайша Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді болжамдарды бекітіп, Парламентке жолдады.
Рухани Әбдірахман, Асхат Қарақойшиев, 24KZ