Бейжіңде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының гуманитарлық форумы аясында «Silk Way Star» музыкалық тележобасының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті. Халықаралық шоуды Қазақстан президентінің телерадиокешені мен Қытайдың CMG медиакорпорациясы бірлесіп түсіреді. Кешен директоры Раушан Қажыбаева медиафорумдағы сөзінде «Silk Way Star» мәдени ынтымақтастықтың жаңа платформасына айналғанын атап өтті. Яғни, таланттар, халықтар мен мемлекеттер бір тележобада тоғысуы арқылы өзара сенімнің алтын көпірін қалыптастырады деді. Қытай тарабы Астанада түсірілетін музыкалық шоудың алғашқы маусымын көңіл көтеру бағытындағы CCTV-3 арнасынан көрсетпек . Ал екінші маусымды Қытайда түсіруге бейіл екенін растап отыр.

Айта кетейік, жобаның түсірілімі бүгін басталады. Ал гранд-финал қарашаның 22-сі өтеді деп жоспарланған.

Ван Мин, CMG көркем және білім беру бағдарламалар орталығы директорының орынбасары:

Біздің компания үшін Қазақстанмен бірлесе отырып, осындай ауқымды вокалдық шоу ұйымдастыру үлкен мәртебе. Бұл тек шығармашылық жоба ғана емес, екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына үлкен үлес қосатын маңызды қадам. Біз бұл бастаманы Азия елдерін біріктіретін, мәдениеттер тоғысын паш ететін платформа ретінде қарастырамыз. Осындай халықаралық деңгейдегі әріптестік елдеріміз арасындағы өзара сенім мен достықтың жарқын көрінісі. Алдағы уақытта осындай бірлескен жобаларды одан әрі жалғастырып, екіжақты ынтымақты тереңдетуге күш саламыз. Жаңа идеялар мен тың жобалар арқылы мәдени байланыстарымызды жаңа деңгейге көтереміз деген сенімдеміз.

Данияр Қайыртай