Тұрғындардың сапалы өмірінің бір көрсеткіші халықты талапқа сай ауыз сумен қамту екені анық. Бұл жолда Арқалық қаласы бойынша су құбырларын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Сонымен қатар, қала тұрғындарын, нысандарды үздіксіз жылумен қамту мақсатында инфрақұрылымды жетілдіру шаралары да қолға алынған.
Арқалық қаласының 21 шақырым болатын су құбыры 925 434 млн. теңгеге осыдан екі жыл бұрын жаңартылған болатын. Өткен жылы тағы да 2 904 шақырым су құбыры жаңадан төселді. Бұл жұмыс биылғы жылы да жалғасып, екінші кезек бойынша Арқалық қаласының 19,3 шақырым су құбырын жаңартуға 1, 090, 5 мың теңге игеру көзделген.
Сондай ақ, қалаға іргелес Северный кентінің 11, 8 шақырым су құбырын ауыстыру жұмыстары 62 558 млн теңгеге жүргізілді. Қазір жұмыс 95 пайызға жасалып тұр. Биылғы жылы жұмысты толықтай аяқтау жоспары бар.
Ауылдық елді – мекен тұрғындарын да сапалы ауыз сумен қамту жұмыстары оң жолға қойылған. Осы мақсатта, қалаға қарасты Екідің ауылына 90 913,2 мың теңгеге су тазарту және тарату пункті салынса, дәл осындай жұмыс Жаңақала және Қайыңды ауылдарында да жүргізілді.
Ал, Ашутасты мен Аңғар ауылдарында 619 184 млн.теңгеге 51. 5 шақырым болатын су құбыры төселіп, нәтижесінде қос ауылдың тұрғындары сапалы ауыз суға қол жеткізіп отыр.
Биылғы жылы 391, 4 млн. теңгеге — Молодежный ауылына 10, 3 шақырым болатын су құбырын салу мақсаты тұр.
Жылу жүйесін жетілдіру – заман талабы
Бүгінгі күні Арқалық қаласы бойынша 35, 2 шақырым жылу желісі болса, оның 68% тозған жағдайда. Ендігі мақсат осы олқылықтың орынын толтырып, жылу жүйесін жаңарту. Мемлекеттің жіті көңіл бөлуінің арқасында бұл жұмыстар да жыл сайын атқарылып келеді.
2023 жылы жылу құбырын ауыстырудың бірінші кезегі аясында 3 418, 9 млн теңгеге 7 шақырымнан астам жылу желісі жаңартылып, соның нәтижесінде тозған жылу жүйесінің көлемі 17% -ға, нақты айтсақ 85% -дан — 68% -ға төмендеді.
Ал, өткен жылы екінші кезек бойынша 10,131 шақырым жылу құбыры жаңартылды. Әрі қарай, жобаның үш кезегі толық жүзеге асқан жағдайда Арқалық қаласындағы жылу құбырының тозу көрсеткіші 12% -ға дейін төмендейді деп күтілуде.
Үкіметтің Арқалық секілді шағын қалаға көңіл бөлінуінің нәтижесінде су мен жылу инфрақұрылымын дамыту жолында осындай ауқымды жұмыстар жүзеге асуда. Осының нәтижесінде тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтып, халықтың денсаулығын сақтап қана қоймай, жылу жүйесін жаңартудың нәтижесінде, жылу құбырындағы апатты жағдайларды болдырмауға қол жеткізіп отырмыз.