Биыл 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады. Ал 232 мың оқушы 11-сыныпқа аяқ басады, деп хабарлайды 24kz.
Жаңа оқу жылының ерекшелігі – орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енгізілмек. Бұл жайында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында баяндады. Сондай-ақ ол жаңа оқу жылынан бастап 3 мыңнан астам педагог Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Келешек мектептері» моделі бойынша жаңаша жұмыс істей бастайды.
Жаңа оқу жылы қарсаңында 500 мың балаға материалдық және әлеуметтік көмек көрсетіледі. Үкімет басшысы: «Бұл мақсатқа бюджеттен 23 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған», - деді. Жергілікті әкімдер бұл тапсырманы уақытылы орындауға тиіс.
***
1 қыркүйекте 83 мектеп пайдалануға беріледі
Қазір ел бойынша 267 мың оқушыға арналған 232 мектеп салынып жатыр. 1 қыркүйекте оның 83-і пайдалануға беріледі. Яғни, 115 мың оқушы су жаңа парталарына жайғасады. Ал жыл соңына дейін қалған 111 мектептің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ 145 ауыл, 100 қала мектебі жаңартылып жатыр. Алайда бірқатар өңірде оқу ошақтарын жөндеу жұмыстары жоспарға сай орындалмау тәуекелдері бар.
***
Биыл 10 мыңнан астам студент жатақханамен қамтылады
Жаңа оқу жылында 93 мың студент грант алды. Ал, жатақхана жайы қалай болмақ? Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім қуған жастар үшін биыл 29 студент үйі салынатынын жеткізді. Бұл қосымша 10 мыңнан астам жатақ орын.
***
Олжас Бектенов: 34 мектептің жөндеу жұмысы созылып кетті
Оқу жылы басталарға жақын. Бірақ 34 мектептің жөндеу жұмыстары созылып жатыр. Олжас Бектенов әкімдіктерге осыны қатаң бақылауды жүктеді. Министр Астана мен Алматы қалаларында үш ауысымды мектептер әлі де барын жасырмады. Соған орай құрылыс қарқынын күшейтуге барынша ден қосылып отыр. Қауіпсіздік талаптарын сақтау да тағы бір мәрте ескерілді.