Батыс Қазақстан облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша екі жылда мыңнан астам тұрғынға 9 млрд теңге несиесі берілді .

Нәтижесінде ауылдық жерде 1500-ге жуық жаңа жұмыс орыны ашылды. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығын кооперациялауға да айрықша мән беріліп отыр. Бұл ретте «Бір ауыл – бір кооператив» жобасының берері мол, дейді шаруа ағайын.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бастау алғанда өңір үшін басым бағыт сүт шаруашылығы болып белгіленді. Өйткені облыстың сауда сөрелеріндегі ағарғанның ширегі ғана отандық тауар екен. Кенже қалған саланы дамытуда ауылдағы тұрғындарды бір кооперативке біріктірудің маңызы зор. Осы арқылы өнімді кедергісіз өткізуге, демеуқаржыға қол жеткізуге мүмкіндік бар, дейді бүгінгі семинарды ұйымдастырушылар.

Мұрат Мұқаев, «Аманат» партиясы БҚО филиалының төрағасы:

- Ең тиімді тұстары кооперативтер ашу. Яғни кооперативтер арқылы біріктіріп, барлық мемлекеттік көмекке субсидия болсын, тағы басқа өнімдерді әрі қарай жеткізу сату мәселелері қолға алынды. Үстіміздегі жылы бұл жоба қарқынды жүзеге асып келе жатыр.

Күні бүгін өңірде 85 ауылшаруашылық кооперативі бар. Келешекте әр ауылда тұрғындардың басын біріктіретін осындай бір ұйым құру көзделген. Шара барысында кооператив басшылары өзін толғандырған сауалдарын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, «Ағайын» кооперативі асыл тұқымды қой шаруашылығымен шұғылданады.

Алмас Бекболсынов, ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы:

- Бәрі бірігіп өнімнің төлі, жүні сол бір жерден өтеді. Нақты ол кооператив арқылы өтеді де. Қазіргі уақытта төлін әр ауладан келіп жинап кетпейді. Бір кооперативтен келіп алады. Сол мәселеде мысалы әр ауладан 40 мың теңгеден алып кетсе, кооперативтен 50 мыңнан келіп алып кетеді.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алған тұрғындардың өндірген өнімін өткізу де өңірде жолға қойылған. Мәселен, КПО компаниясымен арадағы келісімге сәйкес, Қарашығанақ кенішін игеруші компанияға бүгінде сүт, ет, жұмыртқа, құс еті және көкініс тиімді бағаға жеткізілуде.

Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап