ЮНЕСКО тізіміне енетін Қазақстанның тарихи және мәдени нысандары жыл санап артып келеді. Биыл елімізден бірнеше жаңа номинация ұсынылды. Мамандар мұндай бастамалар мұраны сақтап, халықаралық деңгейде танымал етуге жол ашады дейді.

Қазір ел аумағында 25 мыңнан астам тарихи нысан тіркелген. Оның 10-ы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Жақында сол тізімді Маңғыстау өңіріндегі жерасты мешіттері толықтыруы мүмкін. Сарапшылар бұл өңірдегі туризмді дамытуға серпін береді дейді.

Азамат Жолаев, ҚР МАМ Мәдениет комитеті тарихи-мәдени мұра басқармасының бас сарапшысы:

Маңғыстаудың жерасты мешіттері номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне ескерткіш ұсыну жоспарланған. Бекет ата, Қараман ата, Шопан ата, Шақпақ ата мешіттері және тағы басқа. Бұл Бүкіләлемдік мұра комитетінде қаралады. Шамамен 2026 жылға жоспарланған.

Отырар, Сауран, Яссы, Сығанақ, Жанкент қалашықтары сияқты тарихи объектілерді, сондай-ақ Жетіасар оазисі ескерткіштерін қосу жоспарда бар. Ал материалдық емес мұра қатарын толықтыру үшін «Беташар», «Салбурын» мен «Алпамыс батыр» эпосы ұсынылған. Құнды архивтік құжаттар да назардан тыс қалмады. Бұған дейін «Невада-Семей» қозғалысының, Арал теңізі қорының және Қожа Ахмет Яссауи еңбектерінің қолжазбалары халықаралық тізімге енген.

Сәбит Шілдебай, ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры:

Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. Биыл тағы да құжаттардың үш тобын сараптауға ұсынып отырмыз. Олар Дүниежүзілік жәдігерлер тізіміне енгізуге бағытталған. Бұл Қазақстандағы мәселенің дүниежүзілік деңгейде танылуына ықпал етеді.

Дегенмен, ел аумағында әлі де қараусыз қалған немесе жойылу алдында тұрған тарихи ескерткіштер аз емес. Мамандар қолда бар мұраны сақтап, оны заманауи тәсілдермен дәріптеу керек -дейді. Солардың бірі — киноиндустрия арқылы таныту. Әлем елдері тарихи мұрасын фильмдер арқылы насихаттап, туризмді дамытуға жол ашқан.

Сәкен Есіркеп, Саясаттанушы, тәуелсіз сарапшы:

Сыр бойындағы немесе жалпы қазақтың тарихи орындары туралы кинофильмдер түсірілсе және ол фильмдер әлемдік прокатқа шықса, бұл жерлерге деген қызығушылық артады.

Тарихи-мәдени мұра — елдің рухани байлығы ғана емес, халықаралық аренада ұлттық брендке айналар негізгі құрал. Осы ретте, тарихи ескерткіштерді қорғау, таныту және цифрландыру жұмыстары жалғасады.

Динара Жарқынбек