Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Дарын» мемлекеттік жас­тар сыйлығы мен «Тәуел­сіздік ұрпақтары» грантын табыстау мәселелері бойын­ша брифинг өтті.

Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министрлігі Жас­тар және отбасы істері коми­теті­нің төрағасы Қайрат Қамба­ров, «Ассамблея жастары» рес­­публикалық жастар ұйы­мы­ның төрағасы, «Дарын» мем­лекет­тік сыйлығының лауреаты Тимур Жұмырбаев, сондай-ақ «Talapai» жобасының авторы, 2023 жылғы «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегері Айнұр Полатова қатысты.

Қайрат Қамбаровтың айтуынша, жастарды қолдау – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі. Осы мақсатта дарынды жастарды қол­дауға арналған бірқатар бағ­дарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді.

Солардың бірі – 1992 жылы тағайындалған «Дарын» мем­ле­кеттік жастар сыйлығы. Сый­лық «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығар­машылығы» сияқты он аталым бойынша табысталады.

Осы уақытқа дейін бұл марапатты елімізден бөлек шетелдерде жетістікке жеткен 360-тан астам жас иеленді.

Әр жылдары еліміздің туын әлемге танытқан спортшыларымыз Ольга Шишигина, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Дина­ра Садуақасова, Денис Тен, өнер саласында өзіндік орны бар Аманжол Әлтаев, Ай­гүл Иманбаева, Досымжан Таңа­таров, Мария Мудряк, Димаш Құдайберген, «Муз АРТ», «Жігіт­тер» және «Ұлытау» топтары, ғылым саласында Максим Здоровец, Мақсат Жабагин, журналистика саласында Гүлназ Әлімгерей, Мақпал Жұмабай, Ирина Тен сынды өнерлі, талантты қоғам қайраткерлері «Да­рын» мемлекеттік жастар сый­лығының лауреаттары атанған.

Биыл «Дарын» сыйлығына құжат қабылдау 26 маусымнан 27 тамызға дейін жалғасады. Сый­лық иегеріне «Дарын» мем­ле­кет­тік жастар сыйлығының лау­реа­ты» атағы, диплом, төсбелгі мен ақшалай сыйақы табысталады.

2024 жылдан бастап сыйлық­тың мөлшері әр номинация бо­йынша 600 мың теңгеден 1 миллион теңгеге көбейді.

Сондай-ақ 2021 жылдан бері Мемлекет басшысының бастамасымен шығармашыл жастарды қолдау мақсатында жыл сайын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты бөлініп келеді. Оның көлемі – 3 млн теңге.

Грант конкурстық негізде алты бағыт бойынша – «Ғылым», «Мәдениет», «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Медиа» және «Волонтерлік» жобаларды іске асыру үшін беріледі. Бұ­ған дейін 123 жас маманның инновациялық жобасы қолдау тапты. Грантқа 14 жастан 35 жасқа дейінгі ел азаматтары үміт­кер бола алады. Биыл өтінім­дер 16 маусым мен 18 тамыз аралығында қабылданады.

Бұдан бөлек, 2023–2029 жыл­дарға арналған Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік жас­тар саясаты тұжырымдамасы аясында өңірлік «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты да бөлінеді.

2025 жылы жергілікті атқару­шы органдардың мәліме­тіне сәй­кес, жергілікті бюджет есебі­нен 277 өңірлік грант беру жос­пар­ланған. Айта кету керек, грант саны, көлемі мен бағыты жергі­лікті әкімдіктер тарапынан айқындалады.