Осыдан тура бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризмді дамыту туралы арнайы кеңесте: «Бүгінде әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асты. Яғни пандемияға дейінгі деңгейге қайта келді деуге болады. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 пайызы туризмге тиесілі. Әрбір төртінші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр. Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30 пайызы, инвестицияның 7 пайызы, салық түсімдерінің 5 пайызы туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады», деген еді.
Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысындағы туризмнің бүгінгі жай-күйін саралап көрген едік. Өңірдің көркем табиғи ландшафты, тарихи-мәдени мұралары туристерді тартуға қолайлы. Облыста қонақтарды қабылдай алатын 125 орын бар. Әрине, олардың сапасы әртүрлі, дегенмен осы орындар бір мезгілде 2 045 адамды қабылдауға қауқарлы. Бұл былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 3,2%-ға артық. Бүгінге дейін туристерге 461 млн теңгенің қызметі көрсетіліпті, бұл көрсеткіш те былтырғыдан 22,9%-ға өскен.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Әмірин өңірдің барлық аудандарының туристерді қабылдап, оларға ұсына алатын тарихи орындары, киелі мекендері бар екенін айтты.
«Бір ғана Есіл ауданында 540 көл бар, сонымен бірге осында «Красный бор» аңшылық шаруашылығы ұйымдастырылған. Қызылжар ауданында қысқы, жазғы туризмді, түрлі тур ұйымдастыруға мүмкіндік беретін демалыс базалары бар», деді ол.
Тарихи-мәдени тұрғыдан саяхатшылар мен серуендеушілерді қарсы алып, туристік демалыс ұсынуға Айыртау ауданының мүмкіндігі барынша зор. Аудандағы Қарасай мен Ағынтай музей кешені орталығы, Шоқан Уәлиханов музейі, Айғаным қонысы – ұлттық туризмнің нағыз қайнар көзі. Адамзат баласы арасынан жылқыны алғаш рет қолға үйретуді бастаған «Ботай қонысы» тарихи танымға бой ұрған туристерге таптырмайтын орын. Тек соларға бастап баратын жолдардың жөнделуі әлі де жеткілікті дәрежеде емес. Аудан әкімі Мейрам Меңдібаевтың айтуынша, жөнделмей жатқан жолдар көп. Осы мәселе он жылдан бері шешілмей келеді. Тек жекелеген туристік орындарға апаратын қысқа, кіреберіс жолдарға жөндеу жүргізіледі. Мысалы, былтыр Шалқар көлінің жағалауындағы 8,5 шақырымдық төрт автожол ғана жөнделген. Биыл ұзындығы 12,1 шақырымдық тағы да сондай бес жол жөнделмекші. «Ботай» музей-қорығына апаратын 2,2 шақырымдық, «Айғаным қонысынан» Ш.Уәлиханов музейіне апаратын 4,2 шақырымдық жолдарды жөндеуге жобалық-сметалық құжаттар жасалып, қаражат сұралғанымен, әлі бекімеген.
«Жолдардан бөлек, интернет, байланыстың басқа түрлерімен қамтуға да толық қол жеткізілмей тұр. Былтыр «Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РМК телекоммуникациялық байланыстың бағаналарын орнатуға 6 участок бөлген. Бірақ мердігер міндеттемесін орындамады. Қазір сол «Транстелеком», «Контент» фирмаларымен келісімшартты бұзу шаралары жүргізіліп жатыр», деді аудан әкімі.
Осы уақытқа дейін интернет желісі жұмыс істемейтін өңірге қандай турист барады? Қазір кез келген адам мобильдік байланыссыз жүре алмайды. Сол тұрғыда бұл жерлердің мәдени-тарихи маңызы қанша зор болса да, олардың туристерді тарту мүмкіндігі тіпті төмен.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Мафруза Науанова тамыз айында дәстүрге айналып келе жатқан суретшілер симпозиумы жөнінде мәлім етті. «Ботай – Ұлы дала мәдениеті» тақырыбымен өтетін халықаралық фестиваль биыл үшінші рет ұйымдастырылады. Оған Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Мажарстан, Түрікменстан, Моңғолия елдерімен қатар, Ресей Федерациясының Саха, Татарстан, Башқұртстан республикаларынан 20 шақты кәсіби суретшілерді шақырмақшымыз», деді ол.
Туризмді дамыту әлеуеті зор аумақтың бірі – Жамбыл ауданы. Сегіз сері, Нияз сері, Есеней-Ұлпанның, халқымыздың екі бірдей классик жазушысы – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің, Сафуан Шаймерденовтің, жазушы Иван Шуховтың туған мекені. Алайда мұндағы туристік инфрақұрылымдардың жай-күйі де мәз емес.
Тайынша ауданында христиан дінінің католик тармағын ұстанушыларға саяхат жасау мүмкіндігі бар. Мұнда «Сасықкөл» деп аталатын жерге сталиндік қуғын-сүргін жылдарында поляк, неміс тұрғындары күшпен жер аударылып келіп, осы қонысты паналапты. Арасында діндарлары да көп болыпты. Көлдің атауы да «Озерный» дегенге ауыстырылған. Осы өңірде зардап шеккен бауырларының ізін көруді мұрат тұтқан туристер жыл сайын орта есеппен бір мыңдай болып, Польша, Германия, Италиядан келіп тұрады. Алайда мұндағы жолдар да халықаралық қалыпқа сай емес.
Емдік туризмді дамытып, экономикалық тиімділікке қол жеткізуге болатын орын – Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінің жағасы. Шалқып жатқан тұзды көлдің емдік қасиеті жоғары, оны мамандар да, халық та біледі. Бірақ жағасына емдік-демалыс орнын салу ешқашан қарастырылған емес. Тек осы көлдің бір пұшпағын жайлайтын қазіргі Мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетов басқарған «Мамбетов и К» ЖШС маңайындағы алаңды аздап жөндеп қойды. Серіктестік тіккен жұқа киіз үйлерге терістіктің суық түнінде шыдап шығу оңай емес, әсіресе таңғы ызғарда бүрсең қағып кетесің. Оны өз басымыздан өткеріп, екінші рет бармастай болғанбыз. Заманауи ақшаңқан, жылы үйлер салдырып, айналасын абаттандырып қойса, бұл көлдің бағы артып жүре берері сөзсіз.
Петропавлдың өз басында туризмді дамыту мүмкіншілігі жоғары, мұндағы инфрақұрылым да талапқа сай. Әсіресе тарихи туризм жасағысы келетін адамдардың көзайымына айналатын нысандар жеткілікті. Соның ең бастысы – «Абылайдың ақ үйі» музей-кешені. Облыстық тарихи-өлкетану музейі, қазақ театры, «Қалыңдық үйі», «Мағжан орталығы», «Ботай» арт-галереясы, тарихы терең орталық серуен бағы – қонақтардың сүйсіне тамашалайтын орындары.
Туризмді дамытудағы тағы бір мәселе – халықаралық WFTGA стандартына сай келетін экскурсия жүргізушілердің болмауы. Осы күнге дейін облыста ондай бес-ақ маман бар екен. Сондықтан тіл білетін кәсіби гидтер дайындау да күн тәртібінде тұр.
Имантау-Шалқар курорттық аймағы бойынша «Qundyzdy Resort» инвестициялық туристік жобасы ұсынылып отыр. Бұл – жыл бойы жүргізілетін ұлттық сәулеттік, экологиялық туризм жобасы. Жоба аясында жаздық 60 орын, қыстық 30 орынды жарақтауға 600 млн теңге инвестиция тартылмақ.
Қазірде «Vizit Tourism» цифрлық жобасы жүзеге асырылуда, ол туристік бағыттарды айқындап, ыңғайлы жолдарды анықтап, тарихи орындарды көрсетеді. Сонымен бірге «Бурабай тревел» атты ұлттық цифрлық туристік порталды толықтыру қолға алынып жатыр.
Солтүстік Қазақстан облысы