Созақ ауданында орналасқан зауыт жылына 2000 тонна уранды өңдейді.

Түркістан облысы Созақ ауданында "КАТКО" қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорны" ЖШС-ның "Оңтүстік Төртқұдық" жобасы аясында жаңа уран өңдеу зауыты іске қосылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстық әкімдікке сілтеме жасап.

Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Францияның Қазақстандағы елшісі Гиоге Сильван, "KATКO" компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, Атом энергетикасы жөніндегі мемлекеттік агенттік төрағасының орынбасары Ғұмар Серғазин, Orano Mining BU компаниясының бас директоры Кзавье Сан-Мартан Тийе қатысты.

– "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясы" АҚ табиғи уран өндіру саласында елімізде ғана емес, дүниежүзінде көшбасшы компаниялардың бірі екені бәрімізге белгілі. Түркістан облысында аталған компанияға қарасты 10 табиғи уран өндіріс орны жұмыс істейді және 1 компания барлау жұмыстарымен, 1 компания электр энергиясын тасымалдау қызметін атқарады. Соның ішінде, бүгін біз Созақ ауданында "КАТКО" қазақстандық-француздық біріккен кәсіпорны" ЖШС-ның табиғи уранды өңдеу зауытының салтанатты ашылуында тұрмыз. Бұл жоба өндірісте ішкі және сыртқы нарықты жоғары сапалы уранмен қамтамасыз етеді, жаңа технологияларды енгізу арқылы уранды өндіруге бағытталады. Инвестициялық жобаның қуаттылығы – жылына 2000 тонна уран өңдеу, құйылған инвестиция құны 74,7 млрд теңгені құрады. Жаңа жұмыс орындары ашылғанын атап өткен жөн. Облыс әкімдігі тарапынан аталған өндіріс үшін 6 мың гектарға жуық жер телімі бөлінді және барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілді. Өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.

"KATКO" компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен: "Оңтүстік Төртқұдық" өңдеу зауытының ашылуы – "КАТКО", Orano және "Қазатомөнеркәсіп" үшін үлкен жетістік. Бұл жоба – біздің қауіпсіздікке, жоғары экологиялық стандарттарға және технологиялық инновацияларға берік ұстанымымызды көрсетеді. Күрделі жобаны уақытылы, қауіпсіз әрі сапалы жүзеге асырған командамыз бен серіктестерімізді мақтан тұтамыз", – деп мәлімдеді.

"Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов: "Оңтүстік Төртқұдық учаскесінде өңдеу зауытының іске қосылуы тек "КАТКО" үшін ғана емес, Қазақстанның бүкіл атом өнеркәсібі үшін де маңызды оқиға. Осы зауыттың құрылысына тікелей қатысқан қазақстандық мамандардың кәсібилігін ерекше атап өтіп, француз әріптестерімізді жобаның сәтті жүзеге асуымен құттықтағым келеді. Бұл – "Қазатомөнеркәсіп" пен Orano арасындағы ұзақмерзімді стратегиялық серіктестіктің нәтижесі болды", – деді.

Жиында жаңа өндіріс салтанатты түрде іске қосылды. Уран саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар марапатталды. Облыс әкімі мен компания басшылары, қонақтар өндіріс орнындағы жаңа нысанды аралап көрді.

Қуаттылығы жылына 2000 тонна уранды құрайтын жаңа зауыт Оңтүстік Төртқұдық кен орнының оңтүстік бөлігінде өндірілген, құрамында уран бар ерітінділерді өңдейді. Төртқұдықтың оңтүстік учаскесінің толық интеграциясы арқылы "КАТКО" жылына 4000 тонна уран өндіру көрсеткішіне қол жеткізуді көздеп отыр.

Бұл жоба 2021 жылы егжей-тегжейлі жобалық мақұлдаудан өткен. 2023 жылы жаңа зауыттың құрылысы басталып, үш жылдық қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Жоба аясында, сонымен қатар гидротехникалық желілер, асфальт және қиыршық тасты жолдар, электр желілері, жаңа трансформаторлық қосалқы станса салынды.

"Оңтүстік Төртқұдық" жобасы өңірге айтарлықтай экономикалық пайда әкеліп, қызметкерлердің тұрмыс жағдайын жақсартты. Құрылыс кезеңінде жергілікті мердігерлерге қосымша жұмыс орындары ашылып, бір уақытта орта есеппен 600 адам жұмыс істеді.

Айта кетейік, "KATKO" – Түркістан облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Компания 1300 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, олардың 70%-дан астамы Қазақстанның оңтүстігінде және 52%-дан астамы Созақ ауданында тұрады. Компания қызметкерлерінің 99 пайызы – Қазақстан азаматтары.