Қасиетті Қарадала қойнауы қазынаға толы. Олай дейтініміз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің архео логиялық экспедициясы Ұйғыр ауданында екі айға жуық зерттеу жұмысын жүргізіп, нәтижесінде, күтпеген олжаға кенелді.
«Тоғызбұлақ учаскесіндегі обалардың біразы тоналған, кейбірі апатты жағдайда тұр. Соған қарамастан зерттеушілер Тоғызбұлақ-1 және Тоғызбұлақ-2 қорымындағы 6 обаны ашып, сараптама жасады. Тоғызбұлақ-1 қорымында 20-дан астам оба анықталса, оның 10-ы алыстан тізбектеліп мен мұндалайды. Солардың арасынан айрықша көзге түскен төрт оба ашылды. Біріншісінен жас баланың сүйегі табылса, екіншісінен шашылған сүйек қалдықтары ілінді. Ал үшінші және төртінші обада ғалымдар күтпеген олжаға кенелді. Дәл осы обалардан қыш ыдыстар мен киімге, белдікке арнайы жасалған алтын қапсырмалар мен алтын жүзік табылды. Бұл жәдігерлер біздің заманымыздан бұрынғы ІV-ІІІ ғасырларда өмір сүрген сақ тайпаларына тиесілі. Және сол замандағы жергілікті халықтың өркениетінен хабардар етеді, жәдігерлердің көпшілігі аң стилінде жасалған. Алтын қапсырмалар қазақтың қошқар мүйізі, тамшы тәрізді формада жасалған», дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің деканы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Досбол Байқонақов.
Қорымнан табылған 30 шақты жәдігердің ең құндысы және сызат түспей аман сақталғаны – алтын жүзік. Оның салмағы – 8 грамм, онда арыстан бейнесі бедерленген. Профессор Досбол Сүлейменұлы осыған ұқсас жүзік Есік қаласынан табылған «Алтын адамда» болғанын алға тартты. Жүзіктегі арыстан бейнесі династиялық билікті білдіретіндіктен, бұл обаларда жай адамның мүрдесі жатпағанын айтады.
Бұл баға жетпес жәдігерлер өлке тарихын байытуға орасан зор септігін тигізері сөзсіз.
«Алтын әшекейлердің табылуы – сақ дәуіріндегі зергерлік өнердің биік деңгейін, зергерлердің асқан шеберлігін көрсетеді» дейді Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Әлиев.
Қазба жұмысы барысында табылған жәдігерлер алдағы уақытта арнайы зертханаға жіберіліп, тарихи құндылығы анықталады.
Алматы облысы