Ұлыбритания парламентінің қабырғасында бұрын-соңды болмаған кездесу ұйымдастырылды. Қазақ жастары Қауымдар палатасының мүшелерімен шахмат ойнады. Осылайша достық кездесу қос ел арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді.

Қазақстандық жас шахматшылар – халықаралық дәрежедегі гроссмейстерлер, ел намысын әлемдік аренада абыроймен қорғап жүрген дарынды жастар. Бұл жолы олардың қарсыластары кәсіби спортшылар емес, Ұлыбританияның саяси, құқықтық және мәдени салаларында айрықша орны бар беделді тұлғалар. Парламент қабырғасындағы шахмат клубының белсенді мүшелері бірінші дәрежелі спорт шеберлігіне үміткер деңгейінде сапалы ойын көрсетті. Бірақ нәтижесінде отандық спортшылар жеңіске жетті.

Қазыбек Нөгербек, «Барыс» Ұлттық құрамасының капитаны:

Осы жерге келгенім мен үшін мәңгі есте қалады. Суреттер бар. Үйге іліп қоям. Маған өте ұнады.

Патрик Лоуренс, Ұлыбритания парламенті лордтар палатасының мүшесі:

Қазақстандықтармен шахмат ойнау — мен үшін үлкен мәртебе. Бір күні еліңізге барып, бәрін өз көзіммен көргім келеді.

Парламенттегі шахмат клубы – тарихы тереңде жатқан зияткерлік қауымдастық. Ол премьер-министрді, депутаттарды және парламент қызметкерлерін біріктіреді. Алдағы уақытта британиялық тарап қазақстандық депутаттармен онлайн турнир өткізуді жоспарлап отыр.

Марина Бекенова