akorda.kz
Елде қатаң климаттық жағдайға бейімделген, 40 жылға дейін шыдас беретін су жаңа вагондар шығарылып жатыр. Онда заманауи инженерлік шешімдер қолданылған. Отандық кәсіпорынды бүгін Президент аралап көрді. Осы жобаның арқасында ұлттық тасымалдаушының паркін толығымен жаңарту көзделіп отыр. Мемлекет басшысы осы сында елордадағы бірқатар өнеркәсіптік және спорт нысандарын аралап, отандық медициналық бұйымдар өндірісін бағамдап көрді. Біздің ғалымдар донорлық органды сақтау уақытын ұзартуға бағытталған тың құрылғыны таныстырды.
Бұл елордада жеке инвестордың қаржысына салынған спорт кешені. Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың есімі берілген. Бүгін Мемлекет басшысы келіп, көпфункциялы ғимараттың қызметімен танысты. Айта кету керек, мұнда түрлі деңгейдегі спорттық іс-шаралар, сондай-ақ халыққа арналған сауықтыру және демалыс бағдарламалары ұйымдастырылады.
Айбек Оралбай, бокстан ұлттық құрама капитаны:
- Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бүгін сізді Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде қарсы алу – үлкен мәртебе. Бұл спорт кешені – біз үшін өте маңызды орын. Мұнда болашақ чемпиондар дайындалып, өсіп келе жатыр. Бекзат Саттарханов ағамыздың есімі бізге жеңіске деген жігер береді. Сондықтан өзіңізге алғысымызды білдіреміз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бекзат Саттархановтың жолын жалғап жүрсіздер. Бұл үлкен абырой, жауапкершілік. Сондықтан сәттілік тілеймін.
Нысан аумағында футзал, волейбол мен баскетбол алаңдары, бокс, дзюдо, қазақ күресі сынды спорт түрлерімен шұғылдануға болады. Президент бұқаралық спортты дамыту үшін осындай кешендерді көптеп салу қажет екенін айтты. Сондай-ақ жас спортшылармен әңгімелесіп, олардың келешекте әлем, Олимпиада чемпиондары болуына тілектестік білдірді.
Елорда нысандарын аралау барысында Президент «Дәулет» теннис орталығының қызметімен де танысты. Кешенде 600 бала жаттығады. Олардың 85-і спортпен бюджет есебінен шұғылданады. Сондай-ақ мұнда 57 спорттық-сауықтыру тобы жұмыс істейді. Бұл орталық – елордадағы балалар ең көп баратын нысан. Оған қоса ерекше қажеттілігі бар атлеттерді де қамтиды. Биыл мамыр айында Азия құрлығында алғаш рет ақыл-ой кемістігі бар спортшылар арасында теннистен әлем біріншілігін өткізді.
Шалқар Әліби, спорт орталығының тәрбиеленушісі:
- Ал бұл Stadler Kazakhstan зауыты. Бұл кәсіпорында су жаңа вагондар шығарылады. Мұнда жайлылық мен қауіпсіздікті арттыруды көздейтін заманауи инженерлік шешімдер қолданылған. Вагондар қатаң климаттық жағдайға бейімделіп жасалғандықтан, қолдану мерзімі 40 жылға жетеді. Бүгін Президент зауыт өнімдерімен өзі де танысып шықты. Кәсіпорын биыл 51, ал 2030 жылға дейін 557 жаңа вагондарды пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Бұл ұлттық тасымалдаушының паркін толығымен жаңартуға мүмкіндік береді.
Өндіріс ошағын аралау барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа теміржол қатынасы жүйесін жаңғырту жөнінде есеп берілді. Бүкіл ел бойынша 125 вокзал жөнделіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға және өңірлердегі көлік байланысын жақсартуға бағытталған шешімдер енгізіліп жатыр.
Президент ат басын бұрған ендігі бір нысан респиратор мен газтұтқы шығаратын зауыт болды. Бұл кәсіпорынды ашу үшін 2020 жылы MFA Maske компаниясы Қазақстанға инвестиция құйған екен. Инвестор зауыт құрылысына 10 млн доллар жұмсаған. Қазір мұнда өнеркәсіптік респираторлар, газға қарсы уланудан, сондай-ақ химиялық, биологиялық, радиологиялық және ядролық қатерден сақтайтын газтұтқы шығарылады. Бұл жерде Президент медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіретін елордалық кәсіпорындар көрмесін де тамашалады. Мемлекет басшысына биыл мамыр айында ALEM инновациялық аппаратын шығаратын зауыт құрылысы басталғаны жөнінде де ақпарат берілді. Ол заманауи трансплантологиядағы басты мәселе саналатын донорлық органды сақтау уақытының шектеулілігін шешуді көздейді. Бұдан бөлек, Президентке Kazecotech кәсіпорнының ғылыми-техникалық жетістіктері көрсетілді. Соңғы 3 жылда компания ең үздік әлемдік стандарттарға сай келетін 250-ден астам протез дайындап, 500 адамды Ottobock мүгедек арбасымен қамтамасыз еткен.
Сондай-ақ Президент Orbis Heavy Machinery арнайы және коммерциялық техника зауытына барып, мұнда KIA маркасымен құрастырылатын көліктермен танысты. Кәсіпорын 2022 жылы іске қосылған. Сол уақыттан бері 700-ден аса автокөлік шығарылған. Өндіріске құйған инвестицияның жалпы көлемі 11 миллиард теңгеден асады. Мұнда өндірушілерден жеткізілген бөлшектерді дәнекерлеу, сырлау, шанақ монтаждау жұмыстары атқарылады. Сонымен қатар коммерциялық автокөліктерге арналған қосымша жабдықтар өндірісі жолға қойылған. Зауытта қазір 240 маман тұрақты жұмыс істейді. Бүгінде компания өндірістік қуаты мен өнім түрін кеңейту үшін басқа да халықаралық брендтермен келіссөз жүргізіп жатыр. Президент еңбек ұжымына табыс тілеп, KIA Bongo автокөлігінің шанағына естелік қолжазба қалдырды.
Президент аялдаған ендігі бір өндірісі ошағы KazPan сэндвич-панелдерін өндіретін зауыты болды. Кәсіпорын Kindus оңтүстіккореялық өндірісінің жоғары технологиялы автоматтандырылған желісімен жабдықталған. Жылына 1,8 миллион шаршы метрге дейін өнім шығаратын қауқары бар. Мұнда заманауи жабдықтармен және технологиямен жұмыс істеу үшін Kindus-тың инженерлерді оқыту курсынан өткен 50 маман еңбек етеді. Бүгінде сэндвич-панелдер өнеркәсіптік, логистикалық, әкімшілік, спорттық және басқа да нысандардың құрылысын жүргізуде сұранысқа ие. Мемлекет басшысы еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында зауыттың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға басымдық беретініне және еліміздің инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Авторы: Риат Шони