Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі Әкелер күні ретінде аталып өтіледі. Осыған орай кеше Астанада республика­лық әке­лер форумы өтті. Оныншы мәрте ұйымдастырылған іс-шара­ға Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдау көрсетті. «Әке. Отбасы. Қоғам» тақырыбында өткен форум бірнеше сессияға негізделді.

Іс-шарада Мәдениет және ақпа­рат вице-министрі Айбек Сыдықов, ЮНФПА-ның Қазақстандағы өкілі Чинве Огбонна, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова сөз алып, фо­румның маңыздылығына тоқталды.

«Әкелер одағы» респуб­ли­ка­лық қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек Айтмағанбет кіріс­пе сөзінде алқалы жиын той тойлау емес, жыл бойы атқа­рылған жұмыстың есеп беруі іспетті іс-шара екенін айтты. Бұған дейін өңірлерде өткен фо­­румда бала тәрбиесінен бас­тап ден­саулық жағдайы, дұрыс та­мақтану мәдениет қалып­тас­тыру ісі де қамтылғанын атап өтті.

«Жас буынның цифрлық технологияға тәуелді екені белгілі. Баласы уансын деп, ата-ана да «жан тыныштығы үшін» қолына телефонды ұстата салады. Балалар арасында артық салмақ арқалап жүргендер аз емес. Түрлі сырқатқа шалдыққандар да бар. Мектеп асханаларында оқушыларға берілетін тағам мәзірі қандай болуы қажет екенін көтеріп, ұсынысымыз қабылданды. Бұған дейін өткен форумдарда да осындай қадау-қадау мәселенің түйінін қалай тарқату керектігі айтылды», деді М.Айтмағанбет.

Форумда лайықты ата-ана болу, бала тәрбиесі, олардың қауіпсіздігі мен денсаулығы орта танудағы ерекшелігі сынды маңызды мәселелер жан-жақ­ты сөз болды. Форумның панель­дік сессиядағы тақырып­тары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бура­байда өткен биылғы Ұлттық құрыл­тайда айқын­даған бағыттарымен өрбіді. «Тәрбиесіз беріл­ген білім – адамзаттың қас жауы». Сон­дық­тан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды», деді Мемлекет бас­шысы Бурабайдағы Ұлттық құрылтайда сөй­ле­ген сөзінде.

Әкелер форумы 10 жыл қатарынан ата-аналарды, тәрбиешілерді, психологтер мен сарапшылардың басын қосып, тәжірибе, білім, озық үлгі алмасу алаңына айналды. Басты мақсат – қауіпсіз, отбасылық үйлесімді ортада, зорлық-зомбылықсыз һәм өмірлік бағыты түзу жаңа ұрпақты қалыптастыру.

Форум барысында «ХХІ ғасыр әкесі: әре­кет­ке шақыру» декларациясы қабылданды. Құжатта ХХІ ғасырда әке болу тек міндет емес, сонымен қатар алғашқы күндерден бастап баланың өміріне белсенді араласып, қамқорлық пен жауапкершілікті бөлісетін игі іс екені жазылған. Сондай-ақ Декларация ХХІ ғасырдағы әкенің құндылықтарын анық­тайды. Атап айтқанда, сүйіспеншілік, қам­қорлық пен құрмет көрсететін, баланы тәр­биелеуге, білім беруге және дамытуға бел­сенді араласатын, зорлық-зомбылықсыз орта­ның қалыптасуына ықпал ететін, әйел­дер құқығын құрметтейтін, гендерлік тең­дікті сақтайтын, өзінің психикалық әрі физи­­калық денсаулығын күтетін, үйдегі мін­­деттер мен тұрмыстық жауапкершілікті бөлі­­сетін адам, сонымен қатар өскелең ұр­паққа үлгі бола алатын тұлға. Маңызды құ­жатта 2030 жылға дейін ата-ана тәрбиесі, ре­про­дуктивті және психикалық денсаулық бағ­­дар­ламаларына ерлердің қатысуын арт­тыруға, бүкіл ел бо­йынша әкелер клубтары мен қоғамдастықтарын құрып, жұмысын қол­­дауға бағытталған міндет­темелер де қам­тыл­­ған.

Алқалы жиында қоғамның кеселіне айналған тұрмыстық зорлық-зомбылық, есірт­кі қылмысы, вандализм сынды қатер­лердің алдын алу жайы да кеңінен талқыланды.