Маңғыстау облысында 12 құрылыс компаниясына заңсыз лицензия берілгені анықталды, деп хабарлайды 24KZ. «Прокурорлық сүзгі» шарасы кезінде 2024 жылы құрылған 20 серіктестік тексерілді. Соның сегізінің ғана құжаты заң талаптарына сай келеді.
Қалғандары бір өндірістік базаны көрсеткен. Кейбірі жер телімін рәсімдеуді аяқтамастан құрылысты бастап кеткен. Заң бұзғаны үшін әр компанияға 5 млн теңге айыппұл салынып, лицензиясы уақытша тоқтатылды. Енді олар барлық құжаттарды тапсырған соң ғана жұмысын жалғастыра алады. Тексеру амалдары жалғасып жатыр.
Бегендік Мағжан, облыстық прокуратураның аға прокуроры:
- Логикалық тұрғыдан 1 өндірістік базада 100 жұмысшының жұмыс жасауы мүмкін еместігі анықталды. Яғни 12 мекеме бірдей өндіріс базаны қалай жалға алатыны күмән тудырды. Сонымен қатар инженерлік-техникалық қызметкерлер бір мезгілде бірнеше мекемеде жұмыс жасауы мүмкіндігін қарап отырып, осындай заңдылықты бұзушылықтар орын алды.