«Орталық Азия – Қытай» саммиті қарсаңында 24kz және «Хабар» арналары жаңа фильмінің тұсауын кеспек , деп хабарлайды 24kz.
Ол – «Хабар» Агенттігі» мен қытайлық CMG медиа компаниясының ортақ жобасы. «Дом» деп аталатын туындыда еліміздің мәдениеті, салт-дәстүрі және туристік әлеуеті айқын көрсетілген. Бұл жобаның таныстырылымы бүгін Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте өтті. Жиынға қазақстандық телеарналардың өкілдері мен Қытайдан келген делегация қатысты.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» АгенттігІ» АҚ басқарма төрағасы:
- «Хабар» Агенттігінің» журналистері арнайы Алматыға барып, Шымбұлақ, Көлсай, Шарын, орындардың барлығын түсіріп, қытайлық көрерменге Қазақстанның туристік потенциалын көрсетеміз деген жоспармен сол жобаны жасады. Қытай көрерменіне ол жоба қытай және орыс тілінде жасалды. Себебі Қытай медиа корпорациясының арналарының біреуі орыс тілінде шығады. Ал біздің Қазақстан көрерменіне көрсетілетін жоба қазақ және орыс тілінде жасалды.
Ван Бинь, Қытай халықаралық медиа корпорациясы еуразиялық бюросының директоры:
- Біз серіктестерімізге, әсіресе, «Хабар» Агенттігіне» алғыс білдіреміз. Қазір Қытай мен Қазақстан арасында ғылым, білім, сауда ғана емес, медиа бағытындағы әріптестік те қарқынды дамып келеді. Жуырда жол тартатын жобамыз көрерменнің жоғары бағасын алатынына сенімдіміз. Алдағы уақытта бұдан бөлек те екіжақты бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетіміз бар.