Кеңес одағы кезінде шет мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарға Қазақстан тарапынан мәдени-рухани қолдау болды. Соның бір айғағы – мына фото. Яғни 1962 жылы күзде бір топ қазақстандық өнер қайраткерлері Бай-Өлке аймағына барып, өнер көрсеткен.

Фото-жәдігерді сақтаған адам – Алматы қаласында тұратын Мәрияш Ноғайқызы. Бұл кісі жас кезінде кәсіби әнші болған. Осы апамыз: «Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында Бай-Өлке ай­мағына бір топ қазақстандық әртістер ба­рып музыкалық драма театр сахнасында концерт берді. Әсіресе салған әні тәмам қазақтың жү­ре­гіне ұялаған атақ­ты әнші Роза Бағ­ланова шырқаған «Ақман­дайлым» кө­­рер­менді теңіздей толқытты» деп еске алады.

Ал мына фотоға тоқталар болсақ, сол жақта бірінші тұрған адам – жергілікті қазақтардан шыққан ақын-жазушы және Моңғол елінің өнер қайраткері Ақтан Бабиұлы. Бұл тұлға алыстан ат тер­летіп келіп, Қобда қойнауында бұйы­ғып жатқан аз қазақты өнерімен сусындатқан ағайындарға бай-өл­келік­тер атынан рахмет айтып тұр дейді.

Одан кейін сол жақтан екінші ретте тұрған Қазақстанның халық әртісі Шабал Бейсекова. Осы концертті көзі көрген өнер зерттеуші қазір елорда ірге­сіндегі Қоянды ауылында тұратын қария Тайф Тәукей, қазақстандықтар қойған концертті Шабал апамыз жүргізген дейді. Үшінші адам – атақты биші Шара Жиенқұлова. Бұл апамыз «Алтын бүр­кіт» дейтін биді билеп қандастарын қайран қалдырған көрінеді.

Әрі қарай тарқатып айтсақ, төр­тін­ші тұрған – Роза Жаманова, одан кейін артқы жақта тұрған тұлға – Кәукен Кенжетаев, тап ортасында – Роза Бағланова, жетінші адам – атақты Ғарифолла Құрманғалиев, сегізінші адам танылмады, тоғызыншы тұрған Еркеғали Рахмадиев деп таныды журналист Қали Сәрсенбай аға­мыз. Ал оң жақ шеттегі атақты әнші Әнуарбек Үмбетбаев екен.