Қаламгер қауымның басқаларға қарағанда бір ерекшелігі – елге өзінен бұрын сөзі жетеді. Сол секілді, маған да ең бірінші сатира сардарының өзін емес, сөзін тану бұйырды. Оның сатиралық туындыларын сонау бала кезімізде тұщына оқып, суретін баспасөз беттері мен теледидардан көріп таныдық.
Әсіресе Үмбетбай Уайдин ағамыздың «Қонақ мәселесі», «Ауыз мәселесі», «Сүю мәсеесі», «Диктант», «Ей, богу түсінбеймін», «Үнді шайының қорабы», «Күйеу, күйеу, күйеулер», тағы басқа туындыларын «Тамашаның» тарландары Құдайберген Сұлтанбай, Тұңғышбай Жаманқұлов, Мейірман Нұрекеев, Лидия Кәден, Данагүл Темірсұлтанованың өте сәтті сахналағаны әлі есте. Содан бастап қонақтың неше түрін барын құрбы-құрдастар арасында және той-томалақта жіліктеп айтып, күліп жүретін болдық әрі ол автордың шығармаларын іздеп жүріп оқитын едік. Бұдан бөлек, «Қымызхана» бағдарламасына да скетч пен интермедиялар жазып тұрды.
1988 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түстім. Сол студенттік шақта Гоголь көшесінің бойындағы 12 қабатты ғимаратта орналасқан «Ара» журналына Көпен Әмірбекті іздеп бардым. Ол кісімен танысып, қолжазбамды қалдырып шыққаннан кейін, қазақтың белгілі сықақшылары Ғаббас Қабышұлы, Мыңбай Рәшев, Үмбетбай Уайдин, Толымбек Әлімбекті көріп, төбем көкке екі елі жетпей қайттым. №5 жатақханаға келген соң, осы оқиғаны курстастарыма жыр қып айттым. Содан бастап сол сайыпқыран сатириктерге шығармаларымды апарып тұрдым. Олар түзеп-күзеп «Ара» журналына шығарып тұрды.
1999 жылы өзім оқыған қара шаңыраққа мерзімді баспасөз кафедрасының меңгерушісі Бауыржан Жақыптың шақыруымен аға оқытушы болып қызметке қабылдандым. Сөйтсем, ол кафедрада мүйізі қарағайдай оқытушы-профессорлар мен қабырғалы қаламгерлер дәріс оқиды екен. Солардың бірі де бірегейі – 16 жыл журфактың деканы болған ұстазым Темірбек Қожакеев, сатира сардары Үмбетбай Уайдин, білімді де білікті баспагер Серік Әбдірайымұлы, қаламы қарымды қаламгер Кәкен Қамзин, кезінде оқуға тапсырғанда құжаттарымды қабылдап алған сүйікті апайым Дәмегүл Баялиева, сатирик жазушы Роза Алтынбекова, тағы басқалар. Содан бастап Үмбетбай ағаймен жиі жолығысып тұратын едік. Ол ылғи да қойнына портфелін қыстырып, қолына бума-бума газет-журналдарды толтырып алып келіп, оны студенттерге таратып беретін. Тіпті әлеуметтік жағдайы төмен шәкірттерінің қолына қаржы-қаражат та қыстыра кететін. Ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін. Мінезі жұмсақ өте қарапайым адам еді. Сондықтан ба, оны әріптестері де, шәкірттері де өте жақсы көретін. Осы сөзіміздің дәлеліндей, 1995 жылы Үмбетбай ағамыздың 60 жылдық мерейтойы қара шаңырақта атап өтілді. Сонда бір шәкірті:
Жаратушы Үмбетбай ағамызды,
Жіберген жақсылықтың үмбеті етіп, –
деп жырға қосқан екен. Бұл да жас ақынның жүрегінен шыққан шынайы шумақ.
Сондай-ақ ол кісі №12 Абай атындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын дарынды балалар мектеп-интернатында да сабақ беретін. Ол оқу ордасындағы шәкірттері де Үмбетбай ағайларын өте жақсы көріп, қатты құрметтейтін. Ол кімге болса да жақсылық жасауға тырысып жүруші еді. Бірде журналистика факультетінің дәлізінде жолығып қалдық. Қолында әдеттегідей бірнеше газет-журнал бар. Солардың ішінен «Егемен Қазақстан» газетін ашып, өзінің сатира туралы сараптамалық мақаласы басылғанын көрсетті. Сөйтсем, сол еңбегінде менің де атымды атап өтіпті. Мен таңғалып, ризашылығымды білдірдім.
2000 жылы мені Жазушылар одағына апарып, «Найзагер» сатира қауымдастығының жиынына қатыстырып, мүшелігіне қабылдатты. Бұл – мен үшін үш ұйықтасам түсіме кірмейтін оқиға еді. Сөйтсем, осы қауымдастықтың президенті Темірбек Қожакеев, ал орынбасары Үмбекеңнің өзі екен. Бұл – кісілік қасиет.
2004 жылы «Айқын» газетінде қызмет етіп жүрген кезімде Үмбетбай ағаймен сұхбаттастым. Ол сұхбат «Қожанасыр, Алдаркөселер қай заманда да көп болмаған» деген тақырыппен жарық көрді. Кейін сол сыр-сұхбатты «Ағынан жарылсақ» және «Сатира сарқыты» атты жинақтарыма енгіздім. Сол сұхбаттағы екі сауалымызға былайша жауап беріп еді. Сол жолдарды толық бергенді жөн көріп отырмын:
– Сіз жарты ғасырдан аса уақыт бойы қолыңыздан қаламыңызды тастамай, шығармашылық жұмыспен айналысып келесіз. Туындыларыңыздың басым бөлігі сатирадан тұрады. Бұл – ешкімге абырой әпере қоймайтын жанр. Соны біле тұра, неге сатира жазасыз?
– Мен қолыма қалам ұстаған кезден бастап, әдебиет пен журналистиканың барлық жанрында қалам тартып келемін. Ғылымға үлес қосу мәселесінен де дәмем болды. Соның бәрінен де сатира жанрында көбірек төбе көрсеттім. Жұртымның мені «Сатирик» атап кетуі де содан болар. Ал енді, ешқашан, еш жерде мен өзімді «Сатирикпін» деп атымды дардай қылған адам емеспін. Басылым бетінде жарық көрген жазған-сызғандарымның астына «Сықақшы», «Сатирик» деген тіркеме сөздерді тіркеп жүрген көбінесе редакциядағы ағайындар. Ал абырой-бедел жағына келсек, әрине сатира әрі абыройлы, әрі қауіпті жанр. «Ара-Шмель» журналында қызмет істеп жүрген кезде талай-талай қауіп-қатерге кезіктік, пәле-жалаға тап болдық. Бірақ бәрінен аман қалдық. «Аққа Құдай жақ» деген осы да.
– Әрбір қаламгер өзінің еңбегінің жемісін жегісі келеді. Қазақ әдебиеті мен қазақ сатирасына аз үлес қосқан жоқсыз. Сонда да ешқандай сыйлық, атақ алмапсыз. Бұл сіздің шамыңызға тимей ме?
– Жоғарыда атақ қуатын адамдардың сапында еместігімді айттым. Ал шығармаларым Үкімет, ел тарапынан бағаланып жатса, марапат, қошемет, құрметті жек көрмеймін. Бірақ имандай шыным, үлкен сыйлыққа татитындай қыр басында жарқырап тұрған шығарма жаздым деп айта алмаймын. Соңғы «Әумин!» және «Сен кімге күлесің?» атты екі жинағымды Жазушылар одағы жанындағы сықақшылардың «Найзагер» қауымдастығы мен қатыспаған мәжілісінде үлкен сыйлыққа ұсыныпты. Кейін Көпенге: «Соның қажеті бар ма? Ертең орта жолдан қайтып келеді ғой» дегенім бар. Мұным, әрине жалған сыпайылық емес, шыным. Егер де ел-жұрттың шынайы бағасын алып, бәйгеден озып келіп жатса, құба-құп.
Бұл – ұстаздың жүрекжарды жауабы. Жасандылықтан ада. Үмбетбай ағаны танитын адамдардың бәрі бұл сөзімізге сенері анық. Өйткені ол өтірік сөйлей алмайтын. Оған жаны қас еді. Өзіне ғана емес, өзгеге де болса екен дейтін адам болатын. Жүріс-тұрысында, әрбір іс-әрекетінде, адамдармен қарым-қатынасында мін болмайтын. Өзі қандай болса, сөзі де соған сәйкес келетін. Біреудің жетістігіне өзі жеткендей қуанатын. Оның бүкіл бітім-болмысы – осы!
2013 жылы «Айқын» газетінің «Жатыпатар» сатиралық бетін Үмбетбай ағамызға арнадық. Сонда былай деп алғысөз жазып беріп едім:
Абай Уайдин туралы не деді?
«Мыңмен жалғыз алысқан» Абай бабамыз «Ақырын жүріп, анық бас» деген сөзін Үмбетбай Уайдин ағамыздың өмірге келетінін сезіп, соған арнағандай көрінеді маған. Үмбетбай ағамыздың біреу қуып келе жатқандай зуылдап жүргенін, асыға-үсіге сөйлегенін, «Берсе – қолынан, бермесе – жолынан» деп бұйырмаған несібеге қол созғанын көрген адам жоқ шығар, сірә. «Екі шоқып, бір қара» деген халық мәтелі де – Үмбетбай ағамыздың еншісінде. Сөз шығынына да үнеммен қарайды. Егер қаламгер-ғалым болмаса, Экономика министрі боларына шүбә жоқ. Кезінде ғалым-ұстаз болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да, Абай атындағы мектеп-интернатта «жай жүріп, дөп басатын», «бір шоқып, екі қарайтын» шәкірттер тәрбиеледі. Солардың бәрі қазір еліміздің түкпір-түкпірінде «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, «бір шоқып, екі қарап» БАҚ және тағы да басқа салаларда қызмет етіп жүр.
Сексеннің сеңгіріне шығып отырған Үмбетбай ағамыз – аз да болса саз, қысқа да болса нұсқа жазатын жазушы. Уақыт тауып, жайғаса отырып, көңіл сергітіңіз. Проблемаңызды ұмытасыз. Бүгінгі бет Үмбетбай Уайдинге арналады.
Түр-тұлғасы – анау, сыр-жырғасы – мынау.
Сөйтіп, тұтас бір бетке ұстазымыздың туындыларын бердік. Ағамыз алғысын айтып, батасын берді.
2015 жылдың 8 қазаны күні Үмбетбай ағам қоңырау соқты. Абылай хан мен Әйтеке би көшелерінің қиылысында орналасқан «Айқын» газетінің ғимаратында отыр едім. «Төмен түсші. Сені сонда күтіп тұрмын» деді. Дереу сыртқа шықтым. Амандық-саулық сұрасқан соң: «Жақында мына кітабым жарық көріп еді. Соны өзіңе сыйлайын деп әкелдім» деді. Үлкен басымен өзі әкеп тұрғанына ыңғайсызданып: «Оныңыз не, айтсаңыз өзім-ақ барып алып кетер едім ғой» деп жатырмын. «Онда тұрған ештеңе жоқ. Екінші қабатқа шығуға аяғым жарамайды. Қайта өзіңді шақыртқаныма айып етпе деп» ақталып жатыр. Міне, қарапайымдылық деген – осы. Сонда, сол «Әдеп әлемі және журналистика» деген кітабына былай деп қолтаңба қалдырыпты: «Ермахан! Қалпың жақсы. Жан дүниең аппақ. Ләйім ақ жүрегің кірлемесін, қоңыр даусың қарлықпасын. Күлкіңді қолшапалақтар күтіп алсын. Әумин! Тілегі қабыл ағайың – Үмбетбай». Сол кітап әлі күнге дейін менің үйімнің төрінде тұр.
«Кім маған бір әріп үйретсе, соның құлы болуға дайынмын. Қаласа мені сатып жіберсін, қаласа басыма бостандық берсін, қаласа құл етіп алсын» деген екен дін ғұламасы Хазреті Әли. Сол айтқандай, Үмбетбай Уайдаұлы – туабітті ұстаз болып жаратылған адам. Оны танығалы бері артық ауыз сөйлегенін немесе қисық-қыңыр іс-әрекетін көрмеппіз. «Ұстаз болсаң, осындай бол!» деп үлгі ететіндей тұлға. Сондықтан да оның алдында бүкіл шәкірттері тақ тұрады.
Үмбетбай Уайдаұлы – «Қара көзілдірік», «Ішің білсін», «Ендігісін айтпаймын», «Контейнермен келген кемпір», «Быды-быды», «Нанайын ба, нанбайын ба?», «Особая столичная простокваша», «Өмірге құштарлық», «Алло, бұл кім?», «Мәңгілік мәселе», «Атың кім-әй?», «Знакомство по обьявлению», «Әумин!», «Сен кімге күлесің?», «Оңашадағы ойлар», «Әдеп әлемі», «Сырымды айтайыншы», «Әдеп әлемі және журналистика» атты сатиралық, публицистикалық және танымдық-тағылымдық жинақтардың авторы. Мұның бәрі қазақ әдебиеті мен журналистикасының қоржынына салынған мол мұра.
Кезінде қазақ сатирасының сайыпқыраны Оспанхан Әубәкіровтің өзі:
«...Айтып, айтпай не керек,
Үмбетбай деген бұл кісі,
Қазақ деген халықтың
Құдай берген ырысы», –
деп баға берген еді. Бұл сөз әлі мән-маңызын жоя қойған жоқ.
Сатира сардары Үмбетбай Уайдаұлының шығармалары халқының рухани байлығын, ырысын еселей түсетіні анық.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері