Биыл Түркістан облысындағы 553 мың оқушының 70%-ке жуығы жазғы лагерге барады, деп хабарлайды 24kz.

Қала сыртындағы сауықтыру орындарында 43 мыңнан астам бала демалады. Оқушыларға 10 мемлекеттік, 24 жекеменшік лагерь қызмет көрсетеді. Одан бөлек, 300 мыңнан астам оқушы мектеп жанындағы лагерьлер мен арнайы экскурсиялар, танымдық шараларға қатысады.Бүгінгі күні Бәйдібек, Сайрам, Ордабасы аудандары мен Арыс, Кентау қалаларындағы лагерьлер бірінші ауысымға мыңнан аса оқушыны қабылдап үлгерді. Басқа сауықтыру орындары балаларды 10 маусымға дейін кестеге сәйкес кезең-кезеңімен қабылдайды.

Айта кетерлігі, биыл өңірде алғаш рет модульдік лагерь қолға алынып отыр. Жаңа бастама арқылы 5 мемлекеттік лагерге 52 модульді жатақхана қойылды. Нәтижесінде 7500-ден астам қосымша орын ашылды. Биыл жекеменшік лагерьлерде көпбалалы, аз қамтылған отбасынан шыққан 12 мыңға жуық бала жазғы демалыспен тегін қамтылады.

Айгүл Қасымбекова, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Балалардың жазғы демалысын барынша қызықты етіп, қоғамдағы белең алып жатқан құқық бұзушылықтың немесе балалар арасындағы түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ол жерде міндетті түрде жазғы кезеңдегі үйірмелер жұмыс істейді. Өнер жағынан, спорт жағынан, одан бөлек бізде тарихи жерлерге экскурсия ұйымдастырылатын болады. Балалардың барынша бос уақытын тиімді ұйымдастыруға шаралар қабылдап отырмыз.