Биыл Астанада 173-ке жуық қоғамдық және аула кеңістігін абаттандыру, сондай-ақ 1,1 миллионнан астам жасыл желек (көшеттер, бұталар, гүлдер мен ағаштар) отырғызу жоспарланып отыр. Елорданың барлық ауданында жайлы қалалық ортаны құру бойынша ауқымды және жергілікті жобаларды іске асыру жалғасады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Негізгі жобалардың қатарында "Мыңжылдық" аллеясындағы үш нысанды іске асыру, Greenline жаяу жүргіншілер бульварының екінші кезеңінің құрылысын жалғастыру, сондай-ақ жергілікті қоғамдық кеңістіктерді дамыту бар. Жаңа қалалық кеңістіктер, гүлзарлар мен променадтар елорда тұрғындары мен қонақтары үшін қосымша тартымды орталықтары мен демалыс орындарына айналады.
"Сарыарқа ауданында бос жатқан жерлердің, бұзылған гараждар мен ескі үйлердің орнында 4 жаңа гүлзар ашылады. Ірі жобалардың бірі А. Үлімжіұлы көшесінің бойында іскк асып жатыр, онда ландшафтық дизайны бар заманауи демалыс аймағы құрылып жатыр. Сондай-ақ 11 аула аумағында жұмыс жүргізіліп, ал жалпы осы маусымда 30-ға жуық ауланы күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған", — делінген әкімдік сайтында.
Сонымен қатар Кенесары көшесін қайта жаңарту жұмысы қызу жүріп жатыр.
Алматы ауданында негізгі назар Б. Момышұлы, Ш. Құдайбердіұлы даңғылдарын және Шарль де Голль көшесін қайта жаңартуға қойылған. Бұл жерлерде жаңа гүлзарлар, спорттық кеңістіктер мен жасыл аймақтар ашылады. Сондай-ақ "Алма" және "Жалайыри" гүлзарлары, Теміржолшылар тұрғын алабындағы аумақтар жаңартылады. "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша 9 аула модернизацияланады. 28 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмысы жүргізілді, жалпы ауданда 50 аула аумағын жаңарту жоспарланып отыр.
Есіл ауданында "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша бес тұрғын үй кешенінің ауласы жаңартылады: "Адина", "Венский квартал", "Арман қала 4", "Арман қала 5" және "Лазурный квартал". Бұл жерлерде заманауи балалар және спорт алаңдары, жарықтандыру, орындықтар орнатылып, көгалдандыру жұмысы жүргізіледі.
"Байқоңыр ауданында биыл 70 аула абаттандырылады. Оның ішінде 20 аумақ ойын кешендерін, тренажерлер мен демалыс аймақтарын орната отырып, кешенді модернизациялаудан өтеді. Бұл жобалардың басым бөлігі 12 аула "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы арқылы тұрғындардың өз бастамасымен іске асырылып жатқанын атап өткен жөн. Тағы 50 аула жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Алғашқы 6 жаңартылған аула мамыр мерекелеріне қарай ашылып үлгерді.
Нұра ауданында экоортаны және жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту негізгі бағыт болып отыр. Экопаркте белсенді жұмыс жүргізілуде: дайындық кезеңі аяқталып, құрылыс-монтаждау жұмысы басталды. Greenline желекжолының екінші кезеңін іске асыру жалғасуда, Астаналық циркінің аумағы мен жаңа қоғамдық кеңістіктер абаттандырылып жатыр. Жаңа нысандардың бірі "ҚазМұнайГаз" гүлзары болмақ. Сондай-ақ "Алтын Шар-1", "Мадрид" және "Копенгаген" тұрғын үй кешендерінің маңында жұмыстар жүргізілуде. "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша ауданда 6 аула жаңартылады.
Сарайшық ауданында Р. Қошқарбаев даңғылын абаттандыру жалғасуда, онда заманауи променад құрылып жатыр. Мұнда ірі ағаштар мен гүлдейтін бұталар отырғызылады, сондай-ақ аумақты жарықтандыру жұмысы жүргізілуде. "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша кешенді абаттандырумен 13 ауланы қамту, сонымен қатар 30 аулада ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ ауданда ескерткіштердің маңында, парктік аймақтарда және контейнерлік алаңдарда қалпына келтіру жұмысы жүргізіліп жатыр.
"Елордада жайлы қоғамдық кеңістіктер құру, көгалдандыру және заманауи қалалық инфрақұрылымды дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр", — деп Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен атап өтті.
Суреттер: Астана әкімдігінің баспасөз қызметі
Астана әкімдігі ұсынған материал