Биыл Құрбан айт мерекесі 6 маусымда басталады. 5 маусым – Арапа күні. Осыған орай журналистер еліміздегі мал бағасы қанша екенін анықтады, деп жазады Almaty .tv.

Құрбан айт – халқымыз үшін тек діни емес, рухани және әлеуметтік жағынан да маңызды мейрам. Бұл күні мұсылмандар құрбандық шалып, оның етін көмекке мұқтаж жандарға таратады. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айттың кешірім мен қайырымдылыққа үндейтін мереке екенін атап өтті. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы биыл да елімізде онлайн құрбандық шалуға болатынын жеткізді. Ол үшін арнайы сайт іске қосылыпты.

"Расында "Құрбан" сөзі "жақын болу", "жақындау" деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті паш ететін мейрам. Осы жылы да елімізде құрбан шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта өтеді. Діни басқарма халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында Құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған QURBAN.MUFTYAT.KZ сайтын іске қосты. Дінімізде құрбандық шалу рәсімін басқа біреуге тапсырып, оны өкіл ете алады. Демек, онлайн форматта құрбандық шалуға тапсырыс бере аласыздар", – деді ҚМДБ төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Құрбан айт мейрамы жақындағанда ел арасында төрт түлікке сұраныстың артатыны белгілі. Осы орайда мал бағасының жайын көзбен көріп, шынайы ахуалды бағамдау үшін елордадағы базарлардың біріне жол тарттық.

Құрбандыққа шалынатын малдың түрлері мен жасына қатысты талаптар бар. Құрбандыққа қой, сиыр, ешкі, түйе ғана шалынады. Қой мен ешкінің жасы 1 жастан, сиыр 2 жастан, түйе 5 жастан асуы тиіс. Қой – базардағы ең етті ұсақ малдардың бірі. Оның салмағы шамамен 30 келіге жуықтайды. Ал бағасы 70 мың теңгеден асады.

"Баға көтеріледі. Құлағы, басы бүтін, жасына толған мал. Ешқандай уайымсыз құрбан шалуға жарамды. Бағасы 80-85 мың теңге тұрады. Тоқтылардың бағасы 50-55, 60-65 теңгенің арасында сатылып жатыр", – деді сатушы Мұстафа Мазамов.

"Мал сойғанда қойдың дені сау болу ыкерек, көзі соқыр, аяғы ақсақ, құлағы кесілмеуі керек. Әр басты 3 мың, ірі қараны 7-8 мың теңгеге сойылады", – деді қасапшы Әлімбек Сапаев.

Қазірдің өзінде базарларда қызу дайындық байқалады. Құрбан шалуға ниеттенген жұрт мал таңдап, тапсырыс беріп жатыр.

"Астана қаласындағы мал базарынан қой алып, құрбандыққа шалып, садақа беріп жатырмыз. Бағалары көңілімізден шықты", – деді қала тұрғыны Индира Сейітжанқызы.

Айта кетейік, былтыр 40 мың 778 мал құрбандыққа шалынып, 131 ет қабылдау пунктіне жиналған ет 137 мыңға жуық отбасыға жеткізілген. Ал биыл еліміз бойынша 60 орында құрбан шалу рәсімі өтеді.