Алматы қаласының Жетісу ауданында орналасқан дәмханалардың бірінде өрт шықты. Оқиға Дегтярев көшесінде болған, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ТЖМ бөлімшелері жеткен кезде кафе ашық жалынмен жанып жатқан. Өрт сөндірушілер жақын маңдағы гидранттарға қосылып, судың үздіксіз берілуін қамтамасыз етті.
Қауіпсіздік мақсатында көрші үйдің екі тұрғыны эвакуацияланды.
Жедел әрекеттің нәтижесінде өрт толық сөндірілді. Құтқарушылар жанып жатқан ғимараттан 5 газ баллонын шығарып, ықтимал жарылыстың алдын алды. Сондай-ақ тілсіз жаудың көрші тұрғын үйлерге таралуына жол берілмеді.
Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.