Президент тапсырмасымен іске асырылып жатқан "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында еліміздің өңірлерінде жаңа форматтағы инновациялық білім беру ұйымдары ашылып жатыр. Солардың бірі – Астана қаласындағы №105 жалпы білім беретін "Келешек мектебі". Мектеп директоры Мейірім Ашудың айтуынша, бүгінде оқу орнында 2040 оқушы білім алып жатыр, ал білім беру процесі толықтай заманауи талаптарға сай ұйымдастырылған, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
"Мектебімізде әр баланың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Материалдық-техникалық база толық, жаңа технологиялар кеңінен қолданылады, білікті педагогтер жұмыс істейді. Әр оқушының психологиялық жай-күйіне ерекше мән береміз, олар қысымға ұшырамай, еркін ортада білім алуы тиіс", — дейді мектеп директоры.
Оның сөзінше, мектептің барлық кабинеті интерактивті тақталармен жабдықталған, ал мұғалімдер сабақ барысында заманауи техникалық құралдарды белсенді пайдаланады.
"Әрбір ұстаз өз бастамасы мен ұсынысын еркін айта алады. Біз педагогтердің шығармашылық дағдыларын дамытуға барынша жағдай жасауға тырысамыз", — деп атап өтті Мейірім Ашу.
Мектептің материалдық-техникалық базасы да жоғары деңгейде. Оқу орнында заманауи компьютерлік сыныптар, пәндік кабинеттер, спорт және салтанатты іс-шараларға арналған зал, кітапхана, сондай-ақ робототехника мен STEM зертханалары жұмыс істейді.
"Ерекше білім беруді қажет ететін оқушылар үшін сенсорлық және жеке жұмыс жүргізуге арналған арнайы кабинеттер қарастырылған. Жалпы, білім алуға және ізденуге барлық мүмкіндік бар", — дейді ол.
Педагог кадрларды іріктеу конкурс негізінде жүзеге асырылады.
"Мұғалімдерді іріктеу кезінде олардың біліктілік санаты, тәжірибесі мен кәсіби жетістіктері ескеріледі. Конкурс қорытындысы бойынша ең жоғары ұпай жинаған үміткерлер қабылданады", — деп түсіндірді мектеп директоры.
Оқу бағдарламасы мемлекеттік стандартқа сай болғанымен, инновациялық тәсілдермен толықтырылған. Сабақ барысында цифрлық ресурстар мен жасанды интеллект элементтері қолданылады.
"Информатика пәнінен робототехника бағыты жақсы дамып келеді. Оның нәтижесін халықаралық жетістіктеріміз де дәлелдейді. Былтыр Ыстанбұлда өткен халықаралық байқауда екінші орын алсақ, биыл қараша айында Рим қаласында өткен халықаралық Фибоначчи сайысында екі номинация бойынша бірінші орынды иелендік", — деді Мейірім Ашу.
Сондай-ақ мектептегі қауіпсіздік жүйесі де күшейтілген.
"Мектепте Face ID жүйесі, электронды журнал енгізілген, барлығы 236 бейнебақылау камерасы орнатылған. Оқушылардың қауіпсіздігі күзет қызметі мен әкімшілік бақылауы арқылы қамтамасыз етіледі", — деп қорытындылады ол.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз