Қазақстан мен Араб әмірліктері арасында жаңа әуе рейсі ашылды. Енді еліміздің теңіз қақпасы Ақтаудан шығанаққа тікелей сапар шегуге болады. Кері бағытта да қатынас жолға қойылды. Бастама Маңғыстау ғана емес, батыс аймақтардың туристік әлеуетін шетелдіктерге кең танытуды көздейді.
Бұл – Дубайдан Ақтауға бағыт алған әуе рейсінің жолаушылары. Басым бөлігі – қазақстандық. Шығанақ жерінде туристік мақсатта бірнеше күн аялдап, елге қайтып барады.
Тынымхан Боранбаева, қазақстандық жолаушы:
- Рейс бұрын Астана, Алматы арқылы ұшатын болса, міне бірінші рейстің ашылғанына қуаныштымыз. Асыға күттік. Осы рейс жалғаса берсе деп тілейміз.
Қазақстандық төлқұжат иелері Ақтау-Дубай бағытының жақсарып, қолайлы әрі тиімді бола түскенін айтады. Ұшу ұзақтығы — бар болғаны үш сағат. Сондықтан сұраныс та жоғары. Бастаманың іске асуына араб тарапы бейіл танытқан.
Ғалымжан Бәзілбаев, қазақстандық компания өкілі:
- Бұл — біздің шетелдіктерге деген Қазақстан туризмін паш ету мүмкіндігі. Аймақтық қалаларға да рейстер ашып, жергілікті адамдарға Маңғыстауды көру мүмкіндігін ұсынып отырмыз. Рейс әзірге маусымдық. Көрсеткіштер жақсы болса, жыл бойы қоюды қарастырамыз.
Жалпы азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастықтың тереңдеуіне екі ел арасындағы қарым-қатынастың ұлғаюы оң әсер етіп отыр. Қазір байланыс тек ірі қалалар емес, аймақтық деңгейде де бекем. Ал еліміздің теңіз қақпасы сауда, инвестиция және туризм тұрғысынан тартымды. Бір ғана Бозжыра талай саяхатшыны баурап, өңірге ағылатын қонақтар санын арттыра алады.
Авторы: Рауан Мыңбай