Қылышын сүйреп қыс келеді. Қар жауып, жел үп етсе, жолаушыларға қиын. Әсіресе Шығыстағы Алтай таулары қар көп түсетін аймақ. Осы себепті құтқарушылар алдын ала оқу-жаттығу өткізіп дайындалып жатыр. Өр Алтай қазірдің өзінде ақ ұлпаға оранған.
Алтай тауларында бірнеше күннен бері қар толассыз жауып тұр. Тау ішіндегі жолдарды қар басып қалу қаупі туындады. Әзірге күн жылы болғандықтан, қалың қар бір демде шың басынан етекке сырғи жөнелуі мүмкін.
Нұрхат Рақымғалиев, «Қазгидромет» РМК ОФ маманы:
- Ұлан, Шемонаиха, Глубокое, Риддер, Қатон-Қарағай және Зайсанда қар борап тұр. Жол көк тайғақ. Түнде ауа температурасы 3–8 градусқа дейін жетті.
Сол себепті аталған таулы аудандарға жолдың тазалығына жауапты қызметтер мен «Қазселденқорғау» мекемесінің ауыр техникалары жеткізілді. Мамандар қар көшкіні кезінде жедел әрекет ету іс-шараларын пысықтады. Құтқарушылар отряды шартты түрдегі тапсырманы орындап, қар құрсауында қалып қойған көліктегі жолаушыларды жедел құтқарды. Ол үшін қарда жүруге арналған жеңіл техникамен кинологтар бригадасы оқиға болған жерге шұғыл келіп жетті. Автокөліктегі оттегі демде таусылып қалуы мүмкін. Сондықтан уақыт жоғалтуға болмайды. Бақылаушылар тауда тәулік бойы кезекшілік етіп, қардың қалыңдығын қадағалап отыр.
Эльдар Шаймарданов, ТЖД басқарма бастығы:
- Жалпы өткен қысқы кезеңде 147 дауылды ескерту жарияланған болатын. 40 рет республикалық және 53 облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Трассалардан қар басу кезінде 24 авариялық құтқару жұмыстары жүргізілген болатын. 60-тан астам адам құтқарылған. Осы облыс аумағында көшкін қаупі бар учаскелер бүгінгі күнде толықтай анықталды.
«Қыс – 2025» командалық штабтық оқу-жаттығуы аясында негізінен көшкін кезіндегі зардаптарды жою, азамматтық қорғау аумақтық жүйесінің күш-құралдарын тәжірибелік пысықтау іс-қимылдары жүргізілді.
Қолдан осылай жарылыс жасамаса, қалың қар тау ішіндегі ұзындығы 92 шақырымдық жолмен жүретін автокөліктер үшін өте қауіпті.
Телғат Нұрахмет, «Қазселденқорғау» мекемесінің ТЖ ескерту бөлімінің басшысы:
- Өңірде көшкін жүру қаупі бар 20 учаске анықталды. Ол облысымыздағы 5 ауданды қамтиды. Сондықтан қар көшкінінің алдын алу шараларын жедел қолға алуымыз керек. Ол үшін 300-ден астам жарылыс жасалады.
Атлайдың қысы ең кемі 5 айға дейін созылады. «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары үшін жұмыстың нағыз қызатын шағы – осы мезгіл. Олар өткен жылы қолдан жарылыс жасау арқылы таудан 500 мың текше метр қар түсірді. «Биылғы қар көлемі содан кем болмайды», – дейді мамандар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин