Бүгін Астанада екі бірдей ауқымды форум өтті. Соның бірі — "Қазақстан-Италия" бизнес форумы. Жиынды ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов, екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 25%-ға артып, 20 млрд долларға жеткенін айтты. Жалпы Италия Еуропалық Одақ елдері арасында Қазақстанның ең ірі инвесторларының бестігіне кіреді. Бүгінгі іскерлік форумда тағы 10 меморандумға қол қойылды. Құны шамамен -180 миллион еуро. Ірі келісімдердің бірі — «Түркістан облысында қызанақ өсіретін зауыт салынады .

Алтынай Мұқанова, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясының» италиядағы өкілі:

Италия тарапы Оңтүстік өңірде қызанақты өңдеуге ниеттеніп отыр. Оны Еуропалық стандарт бойынша шығарып, сосын Италияға апарып, консервациялауды жобалап жатырмыз. Италия әлемде ТОП-3-ке кіреді, көкөніс, жеміс-жидектерді консервілеу бойынша. Бұл 150 шақты жұмыс орны.

Қазақстан мен Франция бірлесіп жасанды интеллект зертханасын ашпақ

Ал «Қазақстан–Франция» инвестициялық форумында екі ел компаниялары елімізде жасанды интеллект зертханасын ашуды жоспарлап отыр. Былтыр екіжақты тауар айналымы 31%-ға өсіп, $5,5 млрд-қа жетті. Бүгінде елімізде 200-ден астам француз компаниясы белсенді жұмыс істеп келеді. Биыл бұл көрсеткішті арттыру мақсатында тараптар жаңа жобаларды бірге жүзеге асырмақ. Инвестициялық форумда энергетика, көлік, денсаулық сақтау, өнеркәсіп салалары бойынша 16 келісімге қол қойды. Айта өтейік, екі форум да Астана Халықаралық форумы аясында өтіп жатыр.

Ақниет Балтанова