Қазақстан мен Франция компаниялары елімізде жасанды интеллект зертханасын ашады. Келісім бүгін «Қазақстан – Франция» инвестициялық форумында жасалды. Былтыр екіжақты тауар айналымы 31%-ға өсіп, $5,5 млрд-қа жеткен. Биыл бұл көрсеткіш еселене түспек. Бүгінгі басқосуда тараптар жаңа жобаларды бірге жүзеге асыруға келісті. Яғни энергетика, көлік, денсаулық сақтау, өнеркәсіп және тағы басқа салалар бойынша 16 келісімге қол қойды. 300-ге жуық делегат қатысқан жиында француз спикерлері қазақстандық нарыққа жоғары қызығушылық барын атап өтті.
Куентин Адам, «Clever Сloud» компаниясының басшысы:
Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы орны ерекше. Біріншіден, мұнда математика бағытындағы мықты мектептер бар. Екіншіден, энергия бағасының төмендігі мен географиялық жағдайы Қазақстанды өңірлік технологиялық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Біз QazCloud-пен бірлесіп, тек ChatGPT сияқты өнімдермен шектелмей, өнеркәсіпке қажетті нақты құралдарды әзірлемекпіз. Ал зертхананы Қазақстанның қай өңірінде салатынымызды таяуда жариялаймыз.
Темірлан Нұрсолтан