Қоғам дамыған сайын мұғалім мамандығына деген көзқарас та өзгере түсуде.

Кейінгі жылдары ұстаз еңбегіне құрмет артып, жастар арасында педагог болуға қызығушылық қайта оянды. Сала мамандарының пікірінше, бұл – ұстаз мәртебесінің жаңа кезеңі басталғанының белгісі.

Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі бүгінгі қазақ қоғамындағы ұстаз мәртебесі туралы ізденіп көрді.

Бүгінде мұғалім — тек сабақ беруші емес, оқушының өмірлік бағдарын айқындап, тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін жетекші тұлға. Қазіргі білім беру жүйесі де мұғалімнен үнемі ізденісті талап етеді. Балалар бұрынғыдан өзгеше ойлайды, сондықтан ұстаз да сол өзгеріске бейім болуы керек.

Аталмыш тақырып аясында 34 жылдық тәжірибесі бар ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лариса Сәркеқызының да пікірін сұрадық. Білім беруші маман ұстаз беделі қоғамның мәдени және рухани деңгейінің айнасы екенін айтады.

“Ұстаздық жолым басталған уақыттан бері қоғам да, білім беру жүйесі де көп өзгерді. Бірақ, өзгермейтін бір дүние бар. Ол — ұстаздың балаға деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі. Егер мұғалім өз ісін сүйсе, оның беделі ешқашан төмендемейді. Өз ісіне адал кәсіби маман қашан да сыйлы, құрметке лайық. Сондай-ақ, мәдени, рухани толысқан қоғамда ұстаз мәртебесіне қатысты мәселе болмайды.

Қазір балалар бұрынғыдан өзгеше. Ақпарат көп, көзқарастары еркін. Сондықтан ұстаз әрдайым ізденісте болуы керек. Сабақ берумен шектелмей, әр баланың жүрегіне жол таба білу — нағыз шеберліктің белгісі. Әр буынның өз ерекшелігі бар. Қазірдің өзінде оқушылармен бірге мен де үйреніп, жаңарып отырамын. Қарап тұрсам, мұғалімдіқ қызмет маған шабыт сыйлайды екен”, — дейді ол.

Тәжірибелі ұстаздың айтуынша, бүгінде жастар арасында педагогикаға қызығушылық едәуір артқан.

“Қазір педагогика саласында білім алып жатқан жастарды жиі кездестіремін. Қуантарлығы, оларлың көпшілігі өз еркімен мұғалім болуды таңдағандар. Бұл — қоғамда ұстаз еңбегіне деген сенім мен құрметтің жаңа деңгейге шыққынының белгісі”, — дейді Лариса Сәркеқызы.

Саналы ғұмырын білім беру ісіне арнаған ұстаздың айтуынша, мұғалім беделін сақтау – тынымсыз еңбек пен табандылықты талап ететін іс.

“Бүгінде педагог мәртебесі заң жүзінде қорғалды. Бірақ бұл жеткілікті деп тоқмейілсуге болмайды. Бедел — бір көтеріліп, ұмытылатын нәрсе емес, оны үнемі жаңартып, сақтап отыру қажет.

Ұстаз беделін арттыру ең алдымен өзімізден басталуы керек деп ойлаймын. Мұғалім өз ісіне шын көңілмен беріліп, сабағына дайындықпен келсе, оқушы соны сезеді. Балалар шынайылықты бірден таниды. Егер мұғалім өз мамандығын сүйсе, соның өзі оның беделін қалыптастырады.

Бірақ жеке еңбектен бөлек, жүйелі қолдау да маңызды. Қоғам мұғалімге тек талап қоймай, сонымен қатар сенім білдіруі тиіс. Қазір ұстаздарға жағдай жасалып жатыр. Ендігі мақсат – сол мүмкіндікті сапаға айналдыру.

Бедел тек атақпен не марапатпен өлшенбейді. Ол – шәкірттің көзіне сеніммен қарай алуда, ата-ананың жылы пікірінде, қоғамның ұстазға деген ілтипатында. Ұстаз мәртебесі биік болу үшін біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Әріптес мұғалімдердің жетістігін көріп қуану, тәжірибе алмасу, үнемі ізденіс үстінде болу – нағыз кәсіби мәдениет.

Кейінгі жылдары жастардың да педагогикаға қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Демек, мұғалім мамандығының беделі қайта жаңғырып келеді. Енді сол сенімді сақтау — біздің буынның жауапкершілігі”, — дейді білікті педагог.

Елімізде педагог мәртебесін арттыруға бағытталған түрлі реформалар мен қолдау шаралары іске асып келеді. Еңбекақының өсуі, кәсіби даму курстардың көбеюі соның айқын дәлелі. Дегенмен, мұғалім беделінің басты тірегі – қоғам мен ата-ананың құрметі екені сөзсіз.

Бүгінгі білім беру жүйесінде басты мақсат – заманауи технологияны рухани құндылықпен ұштастыра алу. Ал мұны жүзеге асыратын ұстаз. Сондықтан қоғамда мұғалім мәртебесі туралы әңгіме үзілмеуі тиіс.

Уақыт өтіп, заман өзгергенімен шәкірттің жүрегіне жол таба білетін ұстаз ешқашан маңызын жоғалтпайды . Цифрлық дәуірде де оқушыны адамгершілікке, мейірімге баулу – мұғалімнің басты миссиясы болып қала береді.

Қазіргі таңда мектептерде жаңа технологиялар енгізіліп, оқу үрдісі жаңарып жатыр. Бірақ қандай жүйе орнаса да, білім беру ісінің өзегі — адам мен адам арасындағы байланыс. Сол байланысты ұстаз ғана сақтап, дамыта алады. Сондықтан қоғам мұғалім еңбегіне құрметпен қарап, оның беделін қорғауды ортақ парыз деп түсінуі қажет.