Танымал журналист Алматы облысында өз-өзіне қол салып көз жұмған 11 жастағы қыздың өліміне қатысты сұмдық жайтпен бөлісті.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Журналист сұмдық жайтпен өзінің желідегі парақшасында бөлісті.
«Тағы да өлім, өрімдей жеткіншек…11 жаста қамсыз бақытты балалық орнына өмірдің азабын арқалады. Араққа үйір шеше, өгей әке, жетіспеушілік.
Баланың әлеуметтік төмен жағдайы әкімге аян, шаруа кітабында тұр. Масаң күйде көше кезіп жүретін анасы мен ойран салатын өгей әкеден мектеп, сынып жетекшісі, учаскелік инспектор хабардар. Ауыл тұрғындары мен көршілер бұл үйдің балалары жиі қараусыз қалатынын көріп жүр.
Бірақ, ешкімді баланың тағдыры алаңдатпады. Бәрі көз жұма қарады.
Бұл өмірде сенетін де, өзін қорғайтын да ешкім жоқ екенін білген 11 жасар бар сырын күнделік бетіне жазды.
Соңғы жазба «Барлығы қуанып жүр, ал мен неге бақытты бола алмаймын?»…
Орнынан тұрды да сүреңсіз, қорғаусыз, жапан далада жалғыз қалған өмірмен қош айтысты…
11 жаста саналы түрде өлімге бару — қоғамдық трагедия.
Туған анасынан бастап, осы өлімге куәгер, себепкер, жауапсыз, салғырт қараған жауапты жандардың бәрі заң алдында жазалануы тиіс! Қош бол, қорғаусыз періште!
Е, ұмытып барамын! Бала өлімінен соң Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық (ауылдық) әкімдігі қаралы үйге печенье, велосипед, киім әкеп беріпті. Бұдан артық қорлау жоқ шығар?! @almobl_akimdigi отбасы мен жағдайға қатысты толық мәлімет күтеміз!», — деп налыды журналист.
 
                        