Қазақстанда демократиялық құндылықтарды нығайтып, қоғам мен мемлекеттің өзара сенімін арттыру үшін азаматтық қоғамның рөлі айрықша маңызға ие. Соңғы жылдары бұл салада көптеген бастамалар қолға алынып, қоғамның белсенді тобы түрлі бағытта оң өзгерістер енгізіп келеді.

Жергілікті және республикалық деңгейдегі қоғамдық кеңестердің қызметін жандандыру азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Аталған мәселеге байланысты кеңес мүшелерін іріктеуде ашықтық пен бәсекелестік қағидатын сақтау қоғамның сенімін күшейтері де анық.

Біз осы мәселе бойынша саясаттанушы Тоғжан Қожалыға хабарласқан едік. Ол өз көзқарасын былай жеткізді:

«Азаматтық қоғам – демократияның әшекейі емес, оның қозғаушы күші.

Бүгінгі таңда Қазақстанда инклюзивтіліктің алғашқы белгілері пайда болуда: қоғамдық волонтёрлер және байқаушылар қозғалыстары, тәуелсіз сарапшылар қауымдастықтары, ашық деректер жайлы әлеументтік желідегі бастамалары. Бұл – азаматтық белсенділіктің қоғамға қауіп болатын емес, дамудың ресурсы бола бастағанының нышаны.

Алайда шынайы даму жекелеген жобалардан емес, нақтыланған ресми ережелерден басталады. Билік кері байланыстың оған жауы емес, серіктесі екенің түсінгенде және әр азамат өз ойын айтуға қорықпағанда ғана– инклюзивті институттар қалыптасады.

Қазір Қазақстан тарихи таңдаудың алдында тұр: бақылау арқылы басқару ма, әлде сенім арқылы даму жолы ма? Азаматтық қоғамның қуатын елді алға жетелейтін күшке айналдыратын жол – тек сенімге негізделген даму жолы. Егер қоғамда билік пен қарапайым халық арасында сенім болса; сонда ғана қоғам дамиды. Қазір ол жоқ. Қоғвм даму және ашық болу үшін осы сұрақтарға жауап беру жолдарын іздеу керек және шешімдерін жүзеге асыру керек», — деді сарапшы.

Түйіндеп айтсақ, бұл үдерісте азаматтардың құқықтық сауаттылығын көтеру де ерекше маңызға ие.

Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі – кез келген дамыған қоғамның негізі. Бұл бағытта онлайн курстар, құқықтық кеңес беру орталықтары мен мектептер мен университеттерде «Азаматтық белсенділік» пәнін енгізу секілді бастамалар жүзеге асырылуы мүмкін.

Сонымен бірге, жастардың азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға назар аударған жөн. Жастар ұйымдарын қолдау, мектеп пен ЖОО деңгейінде азаматтық білім беруді күшейту және креативті жобалар арқылы патриоттық сана мен қоғамдық белсенділікті дамыту – болашақ қоғамның сапасын айқындайды.