Биыл еліміздің ақпарат кеңістігінде өз орны бар, отандық тележурналистиканың көшбасшысына айналған "Хабар" Агенттігі 30 жылдық мерейлі белесін атап өтті. Бұл – жай ғана мерейтой емес, еліміздің егемендік жылдарымен бірге өсіп, елмен бірге қалыптасқан ақпарат саласының шынайы шежіресі, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
1995 жылы негізі қаланған Агенттік алғашқы күннен бастап елдің үніне айналып, көрермен сенімін ақтай білді. Сол бір алмағайып жылдары халық шынайы ақпаратқа, анық дерекке зәру еді. Міне, дәл осы кезеңде эфирге шыққан "Хабар" тек жаңалық жеткізуші ғана емес, елдің арманын арқалаған, болашаққа деген сенімін серпілткен медиа алаңға айналды.
30 жыл ішінде "Хабар" талай белесті бағындырды. Еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды жедел әрі сапалы жеткізіп, қоғам мен билік арасындағы сенімді көпір бола білді. Агенттік құрамындағы "Хабар" телеарнасы мен тәулік бойы хабар тарататын "24KZ" арнасы бүгінде ақпарат таратуда жылдамдық пен нақтылықты басты ұстаным еткен кәсіби медиақұрылым ретінде танылды.
Тәуелсіздік жылдарындағы айтулы сәттердің барлығы дерлік "Хабардың" кадрларында қаттаулы. Қазақстан тарихында алғаш рет ғарышпен тікелей эфирге шыққан да осы арна болатын. Бұл – ұлт медиасының биікке ұмтылғанының, мүмкіндіктің шексіз екенінің дәлелі.
Агенттік тек ақпарат таратып қоймай, отандық мәдениет пен телевизиялық өндірістің дамуына да серпін берді. 1996 жылы "Хабар" Қазақстанда тұңғыш рет телехикая өндірісін бастап, "Тоғысқан тағдырлар" сериалы арқылы көрерменге жаңа формат ұсынды. 465 бөлімнен тұратын бұл туынды тележурналистика мен драматургияны үйлестіре отырып, экран мен көрермен арасындағы байланысты бұрынғыдан да тереңдете түсті.
Осы үш онжылдық ішінде "Хабар" нағыз медиа мектебіне айналды. Мұнда тәрбиеленген тілшілер, режиссёрлер, операторлар бүгінде түрлі мемлекеттік құрылымдар мен ірі компанияларда, Парламент мінберінде қызмет етіп жүр. Бұл — агенттіктің кәсіби деңгейі мен ішкі мәдениетінің жоғары екенін көрсететін айқын дәлел.
30 жылдық мерейтой қарсаңында өткен салтанатты жиын – осының барлығын бір арнаға тоғыстырған тағылымды шара болды. Тек мереке емес, өткенге тағзым, бүгінге ризашылық, болашаққа сенім білдірген ерекше кеш өтті. Мерейтойға орай, агенттіктің алғашқы қадамынан бастап қалыптасуына үлес қосқан ардагерлерге, саланың майталмандарына ерекше құрмет көрсетілді. Ел есінде қалған алғашқы репортаждардың авторлары, эфирдің көрінбейтін жауынгерлері – операторлар мен монтажшылар, өңірлік тілшілер лайықты марапатқа ие болды.
Салтанатты кеште Агенттіктің тарихы мен жетістіктері мультимедиялық форматта көрсетіліп, түрлі кезеңдердегі бейнематериалдар мен фотогалереялар арқылы "Хабардың" өсіп-өркендеу жолы шынайы көрініс тапты. Журналистиканың әр буыны осы кеште бас қосып, ортақ естеліктермен бөлісті. Жаңалықты жарыса жеткізген, тікелей эфирдің тынысын бірге сезінген әріптестердің бұл кездесуі — ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі болды.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттықтауы да оқылды. Президент өз сөзінде агенттіктің кәсіби деңгейін жоғары бағалап, ұлттың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөліне ерекше тоқталды. Бұл – "Хабар" ұжымының тынымсыз еңбегіне берілген лайықты баға, әрі алдағы асуларға жетелейтін сенім.
Мерейтой – тарихты еске алумен шектелмейді. Ол — болашаққа бағыт сілтейтін кезең. Агенттік басқарма төрағасы Кемелбек Ойшыбаев атап өткендей, "Хабар" бүгінде тек дәстүрлі медиамен шектелмей, цифрлық кеңістікте де белсенді жұмыс істеуге бет бұрған. Контент сапасын арттыру, аудиториямен байланысты күшейту, жаңа форматтарды меңгеру – алдағы жылдардағы негізгі басымдықтар.
Халықпен бірге есейіп, елмен бірге кемелденген "Хабар" енді болашақтың да шежіресін жазуға дайын. Оның әрбір эфирі — ел жадында қалатын тарихи дерек, әр сөзі — халыққа бағытталған шынайы үн, ал әр маманы осы ұлы істі арқалаған абыройлы тұлға.
30 жыл – үлкен жолдың бастауы. Бұл белес – кәсіби тұрақтылықтың, шынайы еңбектің және ел алдындағы адалдықтың айқын көрінісі. Осы сенімге селкеу түсірмей келе жатқан арна – бүгінде мәңгілік Елдің мәңгілік медиасы ретінде өз жолын жалғастырып келеді.
Бүгінде "Хабар" екі телеарнаны, цифрлық платформаларды, 450 миллионнан астам қаралым жинаған 10-нан аса YouTube арнаны біріктіретін медиахолдинг. Агенттік Азия-Тынық мұхиты хабар тарату одағы (ABU) мен Еуропалық хабар тарату одағының ( EBU) мүшесі, сондай-ақ 15 елде өз тілшілер желісін қалыптастырған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз