Семейде өткен бокстан Қазақстан чемпионатында топ жарған Сабыржан Аққалықовқа пәтер кілті табысталды.

Бұл қуанышты жаңалыпен спорт журналисі Аслан Каженов әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Журналистің айтуынша, Сабыржан Аққалықов өзіне уәде етілген пәтер кілтін араға жылдар салып алған.

«Семейдегі ішкі біріншіліктің ең қуанышты жаңалығы осы мен үшін. Естеріңізде болса, бірер ай бұрын «әкім неге уәдесін орындамайды?» деп пост жариялағанмын. Ол жерде Сабыржан Аққалықов жастар арасында әлем чемпионы болған кезде жергілікті әкім пәтер сыйлаймын деп, кейін тым-тырыс қалғанын айтып едім. Енді, міне, араға 3-4 жыл салып, әлгі уәде орындалды. Иә, одан кейін Сабыржан әлем кубогында да топ жарды. Кеше Қазақстан чемпионы атанып, тіпті, «ең үздік боксшысы» атағын да алды. Қалай қарсақ та, құрметке әбден лайықты боксшы.

Қысқасы, Сабыржан Аққалықовқа өзі тұрып жатқан Қарағанды облысы Шахтинск қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Енді анасы бар, қос қарындасы бар, жаңа шаңыраққа қоныс аударады. Ал, Сабыржаның өзі осыдан керемет мотивация алып, жеңіс жолын жалғастырады деп үміттенеміз. Техникасы керемет. Потенциалы жоғары. Қазір аймақтық және республикалық федерациясының қолдауы да ерекше. Осының арқасында әлі талай биікті бағындырады. Әлі талай әлемді мойындатады деп сенеміз. Сәттілік!», — деп жазды журналист.

Айта кетейік, Семей қаласында өткен ішкі біріншіліктің қорытындысы бойынша ерлер арасында Қазақстанның үздік боксшысы болып Қарағанды облысының өкілі Сабыржан Аққалыков танылды. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында 23 жастағы спортшы ел чемпионы титулын қорғап жүрген Тимур Нұрсейітовті нокаутқа түсіріп, жекпе-жекті екінші раундта-ақ аяқтады. Төреші кездесуді бірден тоқтатып, қарағандылық боксшының мерзімінен бұрын жеңісін тіркеді.

Сондай-ақ, Сабыржан Аққалықов бұған дейін жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып, Астанада өткен Әлем кубогы кезеңінде жеңіске жеткен. Ал 2025 жылы Ливерпульде (Англия) өткен әлем чемпионатында 1/8 финалға дейін жетіп, олимпиада чемпионы украиналық Павло Иллюшеге есе жіберген еді.