Димаш Құдайберген Алматыда "D&Dears" деп аталатын фан-кездесуін өткізді. Сол кеште Димаштың соңғы бейнебаянының тұсаукесеріне орай жарияланған челлендждің жеңімпаздары анықталды. Бас жүлде ретінде әншінің Еуропадағы концертіне "Алтын билет" тігілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Димаш Құдайберген жариялаған челлендж шарты бойынша "Тау ішінде" әніне түсірілген ең қызықты және көп қаралған видео авторы жеңімпаз атанады, оған әншінің Еуропадағы (қалау бойынша Барселона, Берлин, Лондон, Рига) жеке концертіне жолдама (Алтын билет — ред. ескертпесі) беріледі.

Челлендж жеңімпаздары, бұған дейін айтылғандай, 26 мамырда өткен фан-кездесуде анықталды. Олар — астаналық мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза мен Чили тұрғыны Андреа. Олардың желідегі видеосы миллионнан астам қаралым жинаған.

Жеңімпаздардың бірі Ақмоншақ Нұртаза Астанадан Алматыға концертті тамашалауға арнайы келген. Ол Instagram-дағы парақшасында видео жариялап, челлендж жеңімпазы атанғанын жеткізді.

"Еуропаға жолдама құтты болсын, № 58 мектептің алтын оқушыларының арқасы, балапандарым менің", — деп жазды Ақмоншақ Нұртаза Instagram желісіндегі Stories бөлімінде.

Ақмоншақ Нұртазаға "Алтын билетті" Димаш Құдайбергеннің анасы табыстады.