Мемлекеттік қызмет істері агенттігі еліміздің HR мамандары үшін «HR цифрландырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында Open Day өткізді.
Іс-шараның мақсаты – кадрлық үдерістерді цифрландырудың заманауи құралдары туралы HR-қоғамдастықты ақпараттандыру, сондай-ақ мемлекеттік қызметте адам капиталын дамытуда инновациялық шешімдерді енгізу бойынша тәжірибе алмасу. Кездесу барысында кадр жұмысын автоматтандыруға және цифрлық трансформациялауға арналған заманауи ақпараттық жүйелер, мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастыруға бағытталған іске асырылып жатқан HR-жобалар ұсынылды. Open Day-ға қатысуға HR-қызметтерінің өкілдері, сондай-ақ цифрлық HR-тәжірибелерді дамытуға тартылған сарапшылар шақырылды.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай қатысушыларға арнаған сөзінде цифрлық трансформацияның маңызын, мемлекеттік және жеке сектордағы HR-қызметтері арасындағы әріптестікті нығайтудың өзектілігін атап өтті. Бұл міндет Мемлекет басшысының Жолдауында жарияланған негізгі бастамалармен тығыз үндеседі. Атап айтқанда, Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру, жасанды интеллект саласындағы құзыреттерді дамыту, сондай-ақ мемлекеттік институттардың ашықтығы, тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін платформалық экономика мен үлкен деректерді кеңінен қолдануды қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Кездесу барысында қатысушылар агенттіктің жұмысымен және өзекті міндеттерімен танысты. Орталықта мемлекеттік қызметке цифрлық іріктеу, сондай-ақ «e-Qyzmet» жүйесі және бірыңғай кадр жүйесі арқылы HR-үдерістерді автоматтандыру мәселелері егжей-тегжейлі ұсынылды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы бастамашылық еткен ірі HR-жобалардың бірі Президенттік жастар кадрлық резерві таныстырылды. Бұл таланттарды басқаруда және кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыруда маңызды құралға айналды.
Агенттік төрағасының орынбасары Әлібек Ахмедьяр мемлекеттік қызметті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның жаңа редакциясының жобасын ұсынды.