Береке ауылында салынып жатқан жаңа медициналық нысанның құрылысы толықтай аяқталды. Амбулатория бір уақытта 25 келушіні қабылдауға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан айында басталып, белгіленген мерзімде қорытындыланды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Амбулатория ішінде балалар бөлімі, төрт орындық күндізгі стационар, жеке оқшаулау кабинеті, зертхана, стерилизациялық және жуу бөлмелері бар.
- Бір қабатты амбулатория заманауи талаптарға сәйкес жобаланып, қажетті инженерлік және медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. Жаңа медициналық нысан ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті қолжетімді әрі сапалы түрде көрсетуге мүмкіндік береді, — деді Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов.
Қазір өңірде екі емхана, қос дәрігерлік амбулатория, жедел жәрдем станциясы, радиологиялық корпус және мүгедектерге арналған оңалту орталығының құрылысы жүргізілуде. Сонымен бірге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасы аясында 15 нысанның құрылысы басталып, оның 10-ы пайдалануға берілді, ал қалған 5 нысанның құрылысы ауыспалы түрде жалғасуда.