Сенат депутаты Зәкіржан Кузиев Мемлекет басшысының Жолдауына қатысты пікір білдіріп, ауыл шаруашылығы саласында қолға алынған жаңа бастамалардың маңыздылығына тоқталды, деп жазады Egemen.kz.
Сенатордың айтуынша, аграрлық ғылым мен ауыл шаруашылығын қолдау тетіктерін жетілдіру – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты жолы.
«Бүгін біз Жолдаудан аграрлық технологияға байланысты көп мәселені естідік. Ең бастысы – субсидиялау енді бірыңғай платформа арқылы жүргізіледі. Бұрынғыдай әр салаға бөлек берілмей, ортақ жүйеге көшірілді. Бұл жүйе ашықтықты қамтамасыз етеді және шаруалардың сенімін арттырады», деді Зәкіржан Кузиев.
Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы несиелерін субсидиялау тетіктеріне ерекше тоқталды.
«Қазір «ҚазАгро» арқылы аграрлық несие 5 пайыздық мөлшерлемемен субсидияланып жатыр. Бұл шаруалар үшін үлкен жеңілдік әрі қолдау. Бұрынғыдай жоғары пайызбен несие алып, шығынға бату қаупі сейіледі. Мұндай қадамдар ауылдағы еңбек адамын ынталандырып, салаға жаңа серпін береді», деді депутат.
Сенатордың айтуынша, субсидиялау жүйесінің жаңа үлгісі ауыл шаруашылығында ұзақ жылдардан бері қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
«Ауылдағы негізгі түйткілдердің бірі – қаржыландыруға қол жеткізудегі теңсіздік болатын. Енді бірыңғай жүйенің арқасында әділдік орнап, шаруалардың жағдайы жақсарады деп сенемін. Бұл қадамдар Президенттің аграрлық ғылым мен өндірісті тығыз байланыстыру, ауыл еңбеккерлерін қолдау жөніндегі тапсырмаларына толық сәйкес келеді», деді ол.
Зәкіржан Кузиев Жолдауда көтерілген бастамалардың барлығы ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталғанын атап өтті. Оның пікірінше, аграрлық ғылымды дамыту, субсидиялау жүйесін жетілдіру және қолжетімді несие беру – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының кепілі.