Францияда миграция тақырыбы әсіресе заңсыз көші-қон мәселесі ең өзекті мәселелердің біріне айналды.

Мәселен, былтыр ел билігі елде заңсыз жүрген 22 мың адамды депортациялады. Бұл соңғы жылдардағы рекордтық көрсеткіш әрі өткен жылмен салыстырғанда 27 процентке көп.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Францияның Ұлттық статистика және экономикалық зерттеулер институтының дерегіне сай, бүгінде елде 7 миллионнан астам иммигрант тұрады. Бұл – халықтың шамамен 10 пайызы, яғни француз азаматтығы жоқ шетелдіктер. экономикасы дамыған, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі реттелген Францияны бұл факторлар иммиграция үшін тартымды ел етіп келген. Алайда қазіргі ең өзекті мәселе – осы заңсыз миграция.

Қазіргі есеп бойынша, елде шамамен 450 мың заңсыз мигрант бар. Өткен жылы Ішкі істер министрлігі олардың 22 мыңын елден шығарған. Оның ішінде 13 мыңы – мәжбүрлі депортацияланғандар. Биыл да тексерістер күшейтіліп, депортация ауқымы ұлғайтылды. Осы бағыттағы маңызды шешімдердің бірі – жақында күшіне енген Франция мен Ұлыбритания арасындағы келісім.

Бұл құжатқа сәйкес, Лондон Ла-Манш арқылы қайықпен жеткен, бірақ өтініші қабылданбаған мигранттарды Францияға қайтарады. Ал Париж өз кезегінде Ұлыбританияға онлайн өтініш берген, отбасымен қосылу құқығы бар немесе жағдайының қиындығына байланысты қабылданған адамдарды жібереді. Тараптар аптасына 50 адамға дейін алмасуға уағдаласты. Келісім мерзімі 2026 жылдың маусымына дейін. Осылайша заңсыз әрекеттердің алдын алмақ. Франция ІІМ дерегінше, биылғы жылдың басынан бері осындай «шағын қайықтармен» Ла-Маншты кесіп өтпек болған 18 адам қаза тапты. Қаңтардан бері бұл жолмен Ұлыбританияға 25 мыңнан астам заңсыз мигрант жеткен.

Мохамед, эритреялық босқын:

- Мен Эритреядан келдім. Мұнда жетем дегенше бір жылдан аса уақытым кетті. Парижге келгеніме үш апта болды, оған дейін Италияда, Ливияда сегіз ай, Суданда үш ай тұрдым. Жолда қайықпен де жүздік. Қазір бөлме алсам деп жүрмін. Бірақ болашағымды жоспарлау қиын. Отбасым сол жақта қалды, қашан қауышатынымды да білмеймін.

Айдана Айтбекқызы, тілші:

- Алайда сарапшылар аптасына «50 адам» деңгейіндегі алмасу түбегейлі өзгеріс әкелмейтінін айтады. Миграция мәселесі Франция үшін басты сын-қатердің бірі. Мәселен, тамыз айында мигранттар Париж мэриясының алдында шатыр тігіп, баспана талап етті. Қазір де астананың кейбір шеткері аудандарында мұндай уақытша лагерьлер сақталған. Осы орайда ультраоңшыл партиялар қатаң антимиграциялық ұрандарымен бедел жинауда. Олардың ықпалы мигранттардың наразылығы, тұрғын үй тапшылығы және Ла-Маншты заңсыз кесіп өтулердің көбеюі аясында күшейіп келеді.

Айдана Айтбекқызы, Руслан Өміржан