« Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Абай облысында 48 шақырым жылу желілерін жаңарту жоспарланған, деп хабарлайды 24kz.
Ұлттық жоба аясында үш кәсіпорын автоматтандырылып, шығындар мен энергия тұтыну тиімділігін жақсарту көзделген. Бұл туралы ұлттық жобаның мазмұны мен мақсатын түсіндіруге бағытталған семинар-кеңесте айтылды. Оған табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдері, екінші деңгейлі банктер, жергілікті атқарушы орган және коммуналдық мекеме басшылары қатысты.
Кәсіпорын өкілдері әзірлеген жоба сәтті өтсе, 48 шақырым жылу, 2398 шақырым электр желілері және 200 километрге жуық су құбыры мен 85 шақырым кәріз жүйесі жаңартылуы мүмкін. Осылайша, желілердің тозу дегңейі 18%-ке төмендейді.
Әлия Мұрзағалиева, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарушы директоры:
- Тарифтің жартысы сол шығындарды, жыртық жамауды жөндеумен кетіп жатыр. Сондықтан барлығын түбегейлі жақсарту ниетімен біз осындай қаржыландыру тетіктерін ұсынып жатырмыз. Халыққа дұрыс, жақсы қызмет көрсету керек. Қызмет көрсету деңгейін көтеру керек. Ал бұлардың бәрі үлкен жұмыс, сондықтан үлкен міндетпен келіп отырмыз.
Коммуналдық желілерді ұлттық жоба шеңберінде жаңартса, тек отандық материалдар қолданылуы шарт. Семинар-кеңеске қатысқан 50-ден астам кәсіпкер жобаның іске асуына белсенді қатысуға дайын.
Данияр Қорабаев, облыстық энергетика ЖӘНЕ ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Ұлттық жоба инженерлік жүйелерді жаңғыртып, халыққа қызмет көрсету сапасын көтеру үшін жасалып отыр. Бұған қоса, бұл апаттарды азайтып, инфрақұрылымды бұрынғыдан сенімді етуге бағытталған стратегиялық бастама.
Мейір Мәдиев, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы:
- Жалпы желілердің тозуын үш аймаққа бөлген. Жасыл, сары, қызыл. Көбінесе құбырлар 50-70%-ке дейін тозған. Енді жыл сайын түсіріп келе жатырмыз.
Жоба аясында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту үшін шамамен 7 трилион теңге инвестиция жұмсалады. Ол үшін мамандар 26 арнайы жоба әзірлеген.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы