Ақ үйде өткен тарихи кездесуден кейін Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путиннің алда қайда кездесетіні туралы әлемдік БАҚ жиі жазылып жатыр.
Осындай сәтте әр ел өз алаңын ұсынып, бейбітшілікке бір қадам қалған тарихи оқиғаға араласқы келетін сияқты.
Мысалы, Түркия аталған кездесудің өз елінде өткенін қалайды.
Ал Франция президенті Эммануэль Макронның айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуі Еуропада өтуі керек. Ол кездесуді Женевада өткізуді ұсынды.
Сейсенбі күні француздық «TF1 Info» арнасында көрсетілген сұхбатында Макроннан АҚШ президенті Дональд Трамп пен бірнеше еуропалық мемлекет пен үкімет басшыларының Вашингтондағы кездесуінен кейін жарияланған бұл кездесудің Еуропада өтуі тиіс пе деген сұрақ қойылғанда ол: «Бұл жай ғана болжам емес, бұл – ұжымдық ерік», – деп жауап берді.
«Бұл бейтарап елде өтеді, мүмкін Швейцарияда, мен Женевада өтуін қолдаймын, не болмаса басқа елде. Соңғы рет екіжақты келіссөздер Ыстамбұлда болған еді», – деп еске салды Макрон.
Ал дүйсенбі күні Италия премьер-министрі Джорджа Мелони кездесуді Римде өткізуді ұсынған болатын.
АҚШ әкімшілігінің аға өкілі «Reuters» агенттігіне берген мәліметіне сәйкес, Ақ үй жариялаған Украина мен Ресей президенттері арасындағы келіссөздер Венгрияда өтуі мүмкін.
Мәскеу әзірге мұндай кездесуге келіскенін ресми түрде жариялаған жоқ.
18 тамызда Украина президенті және еуропалық одақтастарымен кездескеннен кейін АҚШ президенті Дональд Трамп Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің бетпе-бет кездесуіне дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді.
Ақ үйдегі келіссөздерге қатысқан Германия канцлері Фридрих Мерц бұл кездесудің алдағы екі апта ішінде өтуі күтіліп отырғанын айтты.
Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Ресеймен ынтымақтастықты жалғастыруға күш салып, Украинаға әскери көмек көрсетуге қарсы шықты. Ол Мәскеуге барып, Путинмен кездескен, сондай-ақ Киевке барып, Зеленскиймен де келіссөздер жүргізген.
Жауласқан екі ел басшылары алда қайда кездесетіні туралы әлі нақты шешім жоқ.