Тараздағы балабақшада тәрбиеші баланың басын жарып тастаған. Бұл жағдайға Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті өкілі пікір білдірді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Комитет мәліметінше, еңбек демалысы кезінде балабақша меңгерушісінің міндетін уақытша атқарған әдіскер қызметінен босатылған.
"Тәрбиешінің көмекшісі еңбек демалысынан кейін жұмыстан босатылады. Тәрбиешіге қатаң сөгіс жарияланды. Қызметтік тексеріс нәтижесінде балабақша басшылығына жауапты тұлғаларға қатысты тәртіптік шаралар қабылдау және балалардың қауіпсіздігі мен құқығы сақталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Оқиға бақылауда", — деп жазылған хабарламада.
Министрлік өкілдері баланың жағдайы қалыпты екенін, бүгін балабақшаға барғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде балабақша қызметкері балаға қол көтергені көрінетін тағы бір видео тарады. Бұл жолы оқиға Тараздағы мектепке дейінгі мекемелердің бірінде болған.
Видеода әйел көк пакетпен баланың басынан ұрғаны көрінеді. Бала басын ұстап, әйелден қашады. Келесі кадрларда соққыдан баланың бас терісі жарылып кеткені көрінеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!