Шымкентте Халықаралық жастар күніне орай ерекше форматта мерекелік кеш те ұйымдастырылды, деп хабарлайды 24kz.
Іс-шарада үздік волонтёрлік жобалар анықталып, авторлары 1 миллион теңгелік қайтарымсыз грантқа ие болды. Енді олар өз идеяларын жүзеге асыру арқылы қоғам дамуына ықпал етеді.
Байқауда ерекше бағаланған жобаның бірі «Ағамдай боламын» деп аталады. Авторы Рахатбек Қарсанбек салтанатты жағдайда марапатталып, идеясын жүзеге асыру үшін 1 миллион теңге иеленді. Енді бұл қаражат қиын жағдайға тап болған жасөспірімдердің өмірге деген көзқарасын өзгеруге жұмсалатын болады.
Рахатбек Қарсанбек, «Жас волонтёр» байқауының жеңімпазы:
- Жалғызбасты аналардың балалары немесе осал топтың балалары мен бұзақылық бойынша тіркеуде тұрған жігіттерге, қыздарға лайықты аға немесе әпке тауып беру. Және оларды бауырластыру.
Еріктілер қозғалысын қолдауға бағытталған байқауға жалпы 26 жоба ұсынылды. Комиссия шешімімен әлеуметтік, экологиялық, медициналық, білім беру және жан-жануарларды қорғау салалары қаржыландырылды.
Әйгерім Жұмағұлова, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы:
- Тегін білім алу, бизнес бастау және де көптеген мемлекеттік мүмкіншіліктер. Соның бірі мына волонтёрлерге жасалып отырған жеңілдіктер. Біз бұдан былай да оларға деген жағдайды жақсартып, қолдауды көбейтеміз.
Жастарға арналған жазғы сауық кешінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ән мен би көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал сұрақ-жауап айдарының жеңімпаздарына фитнес залына жолдама үлестірілді.
Мейірхан Абуталипов, қала тұрғыны:
- Одан да өзге шаралар бар. Караоке кештерін өткіземіз. Кітап оқудан жарыстар болады. Кешке әр апта сайын осындай жұмыс жүреді. Шымкент жастардың қаласы деп айта аламын. Бүкіл мүмкіндіктер қарастырылған.
Шымкентте 400 мыңға жуық жас бар. Оның 134 мыңы оқу орындарында білім алады. Тіркелген 3 мыңдай волонтёрлық ұйымда қоғам дамуына бастайтын көптеген жоба жүзеге асырылып келеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов