Төрехан Сабырхан бастаған боксшылар Таиландтағы халықаралық турнирге қатысады, деп хабарлайды 24kz.
Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесі 24 мамыр мен 1 маусым аралығында өтеді. Турнирде ел үздіктерінен бөлек Қытай, Корея, Жапония, Өзбекстан және Таиландтың боксшылары бой көрсетеді.
22 боксшымыз Азия чемпионы атанды. Бокстан Шри-Ланка астанасы Коломбода өтіп жатқан Азия чемпионатында жастар санаты бойынша жарыс мәресіне жетті. Бұл жаста 25 салмақ бойынша жеңімпаздардың есімі белгілі болды. Ұлдардың арасынан 11 боксшымыз финалда жұдырықтасып, 10 алтын медаль алды. 86 келідегі Нұрсұлтан Қыстаубай қола жүлдегер атанса, 71 келіде жүлде бұйырмады. Ал бұрымдыларымыз барлық 12 салмақта да топ жарды. Алтын саны бойынша Қазақстан 22 алтынмен көш бастап тұр. 2 алтыны бар Тәжікстан 2 орында, Қырғызстан 1 алтынмен үздік үштікті түйіндеді.
Шағын футбол: Қазақстан польшаға есе жіберді
Қазақстан Польшаға есе жіберді. Әзербайжан астанасы Бакуде шағын футболдан әлем чемпионаты басталды. Бүкіләлемдік шағын футбол федерациясы аясында өткізіліп жатқан аяқдоп додасында жерлестеріміз алғашқы ойынын Польшаға қарсы өткізді. Тартысты басталған кездесуде ел құрамасынан Дмитрий Двирный 21-минутта есеп ашты. Одан кейін польшалықтар жауапсыз екі гол соғып, жеңісті жұлып алды. Биыл аталған турнирге барлығы 32 құрама қатысып жатыр. Онда Қазақстан құрамасы F тобында сынға түсуде. Енді жерлестеріміз алдағы ойынын 24 мамырда Босния және Герцоговинаға қарсы өткізеді.
Каратэден Азия біріншілігі басталды
Азия үздіктері Ташкентке жиналды. Себебі бүгін каратэден сары құрлық біріншілігінің жалауы желбірейді. Байрақты бәсекеге 29 елден барлығы 421 спортшы қатысады. Ел намысын 24 спортшы қорғайды. Олар жекелей және командалық сайыста бақ сынайды. Жерлестеріміз біріншілікке сақадай сай. Мөлдір Жаңбырбай, Нұрқанат Әжіқанов, Софья Берульцева сынды ел үздіктері жанкүйерлерді жерге қаратпаймыз деп отыр.
«Биік» көш бастады
Биік көш бастады. Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының жетінші турының алғашқы ойын күні өтті. Аталған турда шымкенттік Биік сырт алаңда Қостанайдың «Тобылын» 18:0 есебімен жеңді. Кездесу барысында шымкенттік команда бірінші кезеңде жауапсыз он гол соқса, екінші кезеңде тағы сегіз голды тоғытты. Осы жеңісінен кейін олар турнир кестесінде 19 ұпаймен бірінші орынға көтерілді. Сондай-ақ «Атырау» түркістандық «Томирис-Тұраннан» 0:7, семейлік «Елімай» «Ақтөбеден» 0:5, астаналық «Жеңіс» «Қайраттан» 0:1 есебімен жеңіліп қалды. Ал бүгін «Жетісу» мен «Астана», «Қайсар» мен «Қызылжар», «Оқжетпес» мен «Ұлытау» командалары кездеседі.