Жыл басынан бері Атырауда есірткіні жарнамалайтын 70-ке жуық граффити жойылды, деп хабарлайды 24KZ. Сондай-ақ нашақорлықты насихаттау бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды. Тәртіп сақшылары мен еріктілер есірткі бизнесінің алдын алу үшін рейдтік шаралар жүргізіп жатыр.
Еріктілер мен тәртіп сақшылары алдымен облыс орталғындағы Азаттық ықшамауданында орналасқан көпқабатты үйлерді тексерді. Тұрғын үйлердің қасбеті мен подъезд ішінен есірткіні жарнамалайтын күмәнді жазулар табылды.
Есірткі жарналамайтын жазулар Авангард ықшамауданы мен Сұлтан Бейбарыс көпірінен де табылды. Еріктілер мен тәртіп сақшылары рейд кезінде осындай 10 граффитиді жойды. Жалпы жыл басынан бері 70-ке тарта күмәнді жазу анықталып, өшірілген. «Мұндай шара апта сайын өткізіледі», – дейді белсенді жастар.
Санжар Сабыржанұлы, волонтёр:
- Нашақорлықпен күресу – біздің мақсатымыз. Біз осындай жазуларды кетіруге өзіміздің волонтёрлермен апта сайын рейдтік жұмыстарға шығып тұрамыз. Біз барша қала тұрғындарын бізбен бірге атсалысуға шақырамыз.
Есірткіні жарналамау бойынша қазір 7 қылмыстық іс қозғалған. Тәртіп сақшылары жастарды мұндай қылмыстан сақ болуға шақырады. «Өйткені құрыққа ілінетіндердің көбі – жасөспірімдер», – дейді полиция қызметкерлері.
Мариана Жанғалиева, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Жыл басынан 60-тан астам осындай жазбалар өшірілді. Бұл шараларға 100-ден астам волонтёрлер қатыстырылды. Жалпы киберволонтерлер арқасында және біздің басқарманың қызметкерлерімен 600-ге жуық осындай контент анықталып, бұғатталуға жолданды. Ішкі істер министрлігіне жолданды.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, соңғы үш жылдағы жағдайды салыстырсақ, ахуал тұрақты. Дегенмен тексеру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі.Соның нәтижесінде күмәнді жазулар жойылып, заңсыз сайттар жабылып жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин