Түркияда президенттік және парламенттік сайлау 2028 жылы, ал жергілікті басқару органдарына сайлау 2029 жылы өтеді.

Бұл туралы ел президенті Реджеп Тайип Ердоған мәлімдеді. Мемлекет басшысы елде мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы мәселе мүлде көтерілмегенін қатаң айтты. Айтуынша, Түркия Конституциясы мен сайлау туралы заңдары өзгеріссіз қалып отыр, сондықтан дауыс беру дәл заңда белгіленген мерзімде өтеді.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия Президенті:

- Конституция мен сайлау заңдары өзгермегендіктен президенттік және парламенттік сайлау – 2028 жылы, ал жергілікті 2029 жылы өтеді. Өзгүр Озель мырза сіз күнтізбедегі кез келген жексенбіні таңдап, "осы күні сайлау болсын" дей аласыз. Бірақ билік пен халықтың күн тәртібінде ондай мәселе жоқ.

Түркиядағы оппозициялық Республикалық халық партиясының жетекшісі Өзгүр Озель биылғы қарашада кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынған болатын. Ол оппозицияның өз кандидатурасы бар екенін айтып, қамауда отырған Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглұның атын атады. Бұған дейін Озель Имамоглұны қолдайтын 20 миллионнан астам қол жинағандарын хабарлаған еді.