«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 100 сериялы ауқымды тележобаның түсірілімін бастады.

Ұлттық арна Түркияның жетекші «Kanal D» телеарнасымен бірлесіп, тұңғыш рет 100 бөлімнен тұратын телехикая түсіреді. Осы мақсатта қос тарап өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Жаңа жоба түрік және ТМД елдерінің көрермендері арасында кеңінен танылған, рейтингі жоғары телехикая сценариіне бейімделіп, ұлттық болмыс пен заманауи көркемдік тәсілдерді ұштастыра отырып түсіріледі. Қазір басты рөлдерге кастинг аяқталып, түсірілім жұмыстары басталды.

Төлеген Бейсет, қоюшы-режиссер:

Актёрлер кейіпкерін жақсы танып, жақсы алып шықса, осы қасиеттері, мінез-құлқы арқылы біз фильмге жан береміз. Әр кейіпкердің бойындағы қасиеттері арқылы, осы фильм арқылы көрерменге үлкен ой салғымыз келеді.

Тележоба — апалы-сіңлілі үш қыздың қилы тағдырын, өмірлік күресін және армандарға толы шытырман жолын арқау еткен терең әлеуметтік-драмалық телехикая. Туынды қазіргі замандағы қыз баланың қоғамдағы орны мен қадірін, оның рухани болмысын, жан дүниесіндегі күйзеліс пен үмітті нәзік иірімдер арқылы шебер суреттейді. Алматы қаласы мен Алматы облысында өтетін түсірілім жұмыстары 4 айға жоспарланған. Телехикая келесі жылдың басында эфирге шығады.

Болат Мүрсәлім, «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының директоры:

Өте үлкен, ауқымды жоба болғандықтан, екі юнитпен, яғни параллель екі түсірілім тобы жұмыс істейтін болады. Кәсіби, мықты сценаристер ат салысты. Түркиямен бірлесе отырып жазды. Сондықтан сценарий өте қызықты болады деп ойлаймыз. бастысы көрерменге адами құндылықтарды насихаттайтын сериал болады.

Жазира Оразқызы