Сербия астанасы Белградта мыңдаған адам жаппай наразылыққа шықты.

Олар үкіметтің отставкаға кетіп, кезектен тыс сайлау өтуін талап етіп отыр.

Жергілікті биліктің мәліметіне сәйкес, шеруге 36 мыңға жуық адам қатысқан. Алғашында бейбіт басталған шеру соңы тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты. Шерушілер полицияға тас, кірпіш және пиротехникалық заттар лақтырған. Құқық қорғаушылар болса жағдайды бақылауда ұстау үшін наразы жұртқа қарсы көзден жас ағызатын газ қолдануға мәжбүр болған. Жергілікті БАҚ мәліметіне қарағанда, шеруге қатысқан 11 адам қамауға алынды. Сербияда билікке қарсы ереуіл 8 ай бойы жалғасып келеді. Олар ел президенті Александр Вучич пен ол басқаратын партияға наразы. Өйткені олар билікті жемқорлықпен айналысады деп айыптап отыр.