Қазақстанның стратегиялық транзиттік хаб ретіндегі мәртебесін нығайтуға баса мән беріледі. Осы мақсатта көлік инфрақұрылымы кешенді түрде жаңғыртылып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлармен кездесуінде логистика саласының әлеуетіне тоқталды.
2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жол жаңғыртылып, жаңа 5 мың шақырым теміржол салынады. Ал биыл «Достық – Мойынты» учаскесінде жалпы ұзындығы 830 шақырым теміржол іске қосылады. Сондай-ақ «Дарбаза – Мақтаарал», «Мойынты – Қызылжар», «Алтынкөл – Жетіген» секілді бірқатар дәліздерді кеңейту көзделген. Сосын өткен жылы «Талдықорған – Өскемен», «Қарағанды – Алматы» және «Ақтөбе – Атырау – Астрахан» сияқты үш халықаралық ірі көлік жолы қолданысқа берілді. Осылайша елдегі халықаралық дәліз 1600 шақырымға артты. Бұл 2023 жылы ел игілігіне берілген жолдардан екі есе көп. Биыл Қазақстан бойынша 13 мың шақырымнан аса көлік жолы салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа халықаралық терминалдар ашылып, олардың өткізу қабілеті алты есе ұлғайды.