Астаналық автопарк жол апаты салдарынан екі аяғынан айырылған қыздың "лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз етуге" қатысты барлық шығынды өз мойнына алу туралы уәдеге байланысты ақпаратты нақтылады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

7 жастағы бірінші сынып оқушысы Алуа Бекен Астанада автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылды. Қыздың отбасы жазғы демалысқа елордаға келген. Қайғылы оқиға болған күні олар үйге қайтып бара жатқан, сол сәтте автобус бағанға соғылған. Алуа болса автобус салонында қысылып қалған. Қазір ол ауруханада жатыр, алда ұзақ оңалту мен протез орнату кезеңі күтіп тұр. Анасы жұмысынан шығып, қызына күтім жасап жатыр, ал отбасы емге қаржы жинау басталғанын хабарлады.

Өмірлік уәде

Бұған дейін 7 жастағы Алуаның туыстары әлеуметтік желілерде 11 маусымда Астанадағы №1 автопарктің басқарма төрағасы Мадияр Тукпатовпен сөйлескенін хабарлаған. Олардың айтуынша, автопарк басшысы Алуаның да, Махаббаттың қалған төрт баласының да лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету бойынша барлық шығынды өмір бойына өз мойнына алатынына кепілдік берген. Аталған ақпаратты сол кезде Tengrinews.kz тілшісіне автопарктің баспасөз қызметі растаған болатын.

Автопарк енді не дейді?

Алайда қазір автопарк басшысы Тұкпатов Алуаның туыстарымен арадағы жеке кездесуде моральдық қолдау көрсетіліп, заң аясында көмектесуге дайын екендігі айтылғанын хабарлады.

"Алайда мемлекеттік кәсіпорын ретінде №1 Автобус паркі заңда бекітілген рәсімдерсіз өмір бойына қаржылық көмек көрсетуге уәкілетті емес екенін атап өтеміз. Алдағы төлемдер мен қосымша көмек тергеу мен сот шешімінен кейін заңға сәйкес беріледі", – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта отбасының заңгерлері және тиісті мемлекеттік органдармен жұмыс жүргізіліп жақаны айтылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget