Алматыда Ұлттық киноны қолдау орталығы мемлекеттік қаражаттан үміткер киножобалардың ашық қорғауын өткізуде, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – үшінші іріктеу кезеңі. Байқау әділ өту үшін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының әлеуметтік желідегі парақшасы мен YouTube арнасында тікелей эфирде төрт күн бойы көрсетілімдер жүреді. Жалпы биыл авторлардан 444 ұсыныс түскен. Ашық қорғауға 99 киножоба жолдама алған. Олар тарихи, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін фильмдер. Елдегі ғылыми жетістіктер жайлы және танымдық бағытта деректі фильм түсірсек дейтіндер де көп. Анимация бағытында да біраз жоба бар. Бағалау кезінде сценарийдің тақырыпқа сай болуы, драматургиялық құрылымы және кейіпкерлер бейнесінің ашылуы да ескеріледі.

Нұржан Жалауқызы, сараптама кеңесінің мүшесі:

- Жобаны ұсынушылардың ұсынған тақырыптарының арасында кәдімгі жүрегіңе жол табатын, көңіліңді өзіңе қарай бұратын сондай жақсы-жақсы тақырыптар бар. Мысалы, әлеуметтік тақырыптар, тарихи тақырыптар, балаларға арналған анимациялық тақырыптар. Қызық, балаларға арналған тақырыптар кейбір мистикалық дүниелерді ұсынған.

Әділет Омаров, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұдан кейінгі кезең ведомствоаралық комиссияның отырысы болады. Ол жерден алдыңғы жылғы комиссияның шешіміне, тәжірибиелерге сүйенсек, соңында жиырма шақты жоба іріктеліп алынады. Бұл дегеніміз, үлкен сүзгіден өтеді деген сөз.